Сауд Арабиясы Рияд әуежайының жұмысын тоқтатты
Сауд Арабиясының Король Халид халықаралық әуежайы жұмысын тоқтатты. Елдің азаматтық авиация органдары бас қаланың әуе қақпасын жабу жөнінде шешім шығарды. Рияд кейінгі он шақты күн ішінде кезекті зымыран шабуылына ұшырап, ауыр зиян шеге бастады. Бұл жолы қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны көп, деп хабарлайды 24KZ.
Рауан Мыңбай, тілші:
– Сауд Арабиясы АҚШ-Израиль-Иран қақтығысы қызған кешегі көктемде де мұндай жойқын шабуылға ұшырамаған. Кейінгі бірнеше күнде қаланың халықаралық әуежайына үшінші мәрте соққы жасалды. Ал бұл – азаматтық инфрақұрылым. Түнгі 01:00 шамасында болған жағдай ауыр зардаптарға әкеп соқты. 12 адам қаза тауып, 309-ы жараланды. Ажал құшқандар ішінде Сауд Арабиясының төрт азаматы бар. Қалғаны – шетелдік. Корольдік билігі бұл шабуылдарды хуситтер жасады дейді. Десе де йемендік көтерілісшілер жауапкершілікті әлі толық мойнына алған жоқ. Осы жағдайдан кейін Рияд әкімшілігі қаланың әуе кеңістігін жауып, кестедегі рейстерді түгел кейінге шегерді. Ресми билік жарақат алғандардың ауруханаларға жөнелтіліп, оларға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Араб елдері хуситтердің әуежайға шабуылын айыптады. Ең әуелі Қатар үн қатты. Ал Біріккен Араб Әмірліктері бірер күн бұрын Рияд және Саудияның тағы екі қаласына ұшақтарды ұшырмай қойды. Дерекке қарағанда, Йемендегі көтерілісшілер корольдіктегі Мекке және Мединадан өзге шаһарларды жаппай нысанаға алып жатыр. Есесіне Саудия бастаған хуситтерге қарсы әскери одақ жауапсыз қалып жатқан жоқ. Екі жақ Йемендегі оңтүстігінде әуеден де, құрлықтан да кескілескен шайқас жүргізуге кіріскен. Жалпы Сауд Арабиясы мен Йемендегі хуситтік топтар ұзақ жылдардан бері жауласып келеді. АҚШ-Иран қақтығысы кезеңінде сол жағдай тіпті ушықты. Айтпақшы, Құрама Штаттар да Рияд әуежайына жасалған кезекті шабуылды айыптады. Әрі осы қақтығысқа қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Ақүй шенділері хуситтерге қолдау көрсетіп келе жатқан Иранды да қайта нысанаға аламыз дегендей сыңай танытты.