Түркия түркі әлемі футболшыларына жаңа мәртебе береді

Түркия түркі елдерінен келген футболшыларға түрік мәртебесін береді.

Бұдан былай олар легионер емес, жергілікті ойыншыларымен бірдей санатта ойнайды. Бұл туралы Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысы Күршад Зорлу Кожаэлиде өткен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бастаманы Түркия футбол федерациясы, жергілікті жастар және спорт министрлігі қолдап отыр. Сондай-ақ келелі кездесуде түркі мемлекеттері арасында екі жылда бір рет «Түрік кубогі» футбол турнирін ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Күршад Зорлудың пікірінше, бұл бастама талантты жас футболшыларды анықтап, олардың кәсіби деңгейде шыңдалуына мүмкіндік береді. Егер өзге елдер қолдаса қазан айының соңында Анкарада өтетін түркі мемлекеттері көшбасшыларының саммитінде ресми түрде күшіне енуі мүмкін.

Күршад Зорлу, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысы:

- Өздеріңіз білетіндей, түркі мемлекеттерінен елімізге келген футболшылар біздің құрамаларда шетелдік мәртебесінде ойнап жүр. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды ресми түрде жүзеге асырып, бауырлас елдердің спортшылары түрік ойыншысы ретінде өнер көрсеткенін қалаймыз. Бұл 200 млн-ға жуық халқы бар түркі елдері жастарының футбол спортын дамытуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: