Саудия бағытындағы рейстерге шектеу күшейді
Саудиядағы Ұлыбритания елшілігі өз азаматтарын Джидда және Даммам қалаларына әзірге ұшпауға шақырды. Ал АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы америкалық әуе компанияларына шабуылдар мен қауіп-қатерден сақ болуды ескертті. Аустралия билігі де қатаң ескертулер жариялады. Әлем елдерінің бұлай алаңдайтын жөні бар. Сауд Арабиясынан бастап Парсы шығанағына дейінгі әуежайлар халықаралық транзиттік хаб ретінде маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды 24KZ.
Әуе кеңістігіндегі ұшақ қозғалысын бақылайтын Flightradar24 деректеріне сүйенсек, Сауд Арабиясындағы король Халид атындағы әуежайға жасалған соққыдан кейін жүздеген рейс тоқтаған. Сондай-ақ Джидда қаласындағы король Абдулазиз атындағы әуежайда да рейстер кейінге қалды. Шетелдік азаматтар қасиетті Меккеге бару үшін алдымен осы әуежайға келетін еді. Сондай-ақ бірқатар әуе компаниясы Рияд бағытына қазанның 18-і және 24-не дейін ұшпайды. Бұлардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі Etihad Airways, немістің Lufthansa-сы, бірқатар үндістандық және Франция, Ұлыбританияға тиесілі әуе компаниялары бар. Тіпті кейбірі келер жылдың басына дейінгі рейстерді де тоқтатып отыр.
Сауд Арабиясындағы әуежайлардан 66 елге тікелей ұшуға болады. Тағы 176 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Осы әлеуеті бойынша әлемдік әуе байланысы рейтингінде 18-ші орында. Былтыр корольдіктегі әуежайлар арқылы 140 млн-нан астам жолаушы қатынаған. Саудияның статистика жөніндегі басқармасының мәліметі бойынша (GASTAT) бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 9,6% пайызға көп. Халықаралық рейс арқылы 76 миллионға жуық адам діттеген жеріне жетсе, ішкі рейстер 65 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Соның ішінде, Джидда қаласындағы Абдуләзиз атындағы әуежай 53,5 миллион жолаушыны қабылдаған. Сондай-ақ Саудия астанасы Риядтағы король Хадид әуежайы 40,8 млн, Даммамдағы Фахда әуежайы 13,7 млн жолаушы ұшты. Басқа әуежайларды қосқанда барлығы 980 400 рейс жасалған.
Рейстер тоқтағанымен, әуе кеңістігі толықтай жабылған жоқ. Бұл ретте жолаушылар балама бағыттар бойынша сапарын жалғастырады. Мысалы, Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америкаға қатынайтын жолаушылар Түркия арқылы ұшуы мүмкін. Тбилиси немесе Баку бағыттары Қазақстаннан немесе Орталық Азиядан кей бағыттарға қосымша транзит бола алады. Сондай-ақ Мысыр арқылы да кейбір бағыттарға жетуге болады.