БҰҰ қаржы тапшылығына байланысты босқындарға көмекті қысқартады
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасы қаржы тапшылығына байланысты гуманитарлық көмекті қысқартады.
Ұйымның 2026 жылға қажетті қаражатының үштен бірі ғана жиналған. Ал кейінгі екі жылда қызметкерлер саны екі есе азайды. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, үнемдеу шаралары босқындарды қорғау мүмкіндіктерін шектеп отыр.
БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары қаржы тапшылығына байланысты әлем бойынша босқындарға көрсетілетін гуманитарлық көмекті қысқартуға мәжбүр. Ұйымның мәліметінше, 2026 жылы жаһанда 8,3 миллион босқын мен азаматтығы жоқ адам тікелей көмек алу мүмкіндігінен айырылады. Жыл басынан бері ұйымға әу бастан жоспарланған 8,5 миллиард доллардың тек 2,7 миллиарды ғана түсті. Яғни қаражат 32 пайызға кеміді. Ал қаржы тапшылығы 5,8 миллиард доллар.
Бархам Салих, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Біз шығындарды қысқарттық, қаржылық бақылауды күшейттік, қызмет бағыттарына басымдық бердік, жұмыс ауқымын азайттық және БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының тарихындағы ең ауқымды кадрлық өзгерістердің бірін жүргіздік. Бізге сеніп тапсырылған әрбір ресурсты барынша тиімді пайдалануға міндеттіміз. Алайда оның да шегі бар. Белгілі бір сәтте жұмыстың тиімділігін арттыру ресурстардың қысқаруын өтей алмайды. Қаржыландыру осы шектен төмендеген кезде оның салдары жай ғана сөз жүзінде қалмайды. Мұны көмекке мұқтаж адамдардың өздері сезінеді.
Қаражаттың жетіспеуі босқындарды тіркеу мен құжаттандыру жұмыстарының кешігуіне, гендерлік зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтардың жабылуына және балаларды қорғау бағдарламаларының қысқаруына әсер етті. Осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың қатары да біршама сиреп қалды. Мәселен, 2024 жылдан бері ұйымдағы мамандар саны 20 мыңнан 12 мыңға дейін азайып қалған. Бархам Салихтің айтуынша, шығындарды оңтайландыру қаржы тапшылығының орнын толтыра алмайды.
Бархам Салих, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Біз босқындарға көмек көрсету қызметтерінен көп жұмыс талап етеміз. Алайда оларды қолдауға кететін қажетті ресурстар азайып барады. Қазір қолымызда 3 миллиард доллар бар. Бұл 2026 жылға қажетті 8,5 миллиард доллардың 35 пайызы ғана. Мардымсыз қаражатпен нәтижелі жұмыс көрсету мүмкін емес. Күнін әзер көріп отырған ұйымға миллиондаған адамның өмірін құтқару талабы қойылды. Бұл ақылға қонымсыз.
Салихтың айтуынша, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінде, соның ішінде АҚШ, Канада, Латын Америкасы мен Кариб бассейні мемлекеттерінде 2027 жылы бюджет көлемі биылғы жылмен салыстырғанда 32 пайызға немесе шамамен 485 миллион долларға қысқаруы мүмкін. Бұл барлық аймақтар арасындағы ең үлкен қысқарту. Ал 2027 жылы Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы күштеп қоныс аударған адамдар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың саны 4 пайызға өсіп, шамамен 24,5 миллионға жетеді деп болжанады. Бүгінде Судан, Чад, Эфиопия елдерінде де гуманитарлық ахуал өте мүшкіл. Суданда жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 50 мыңнан астам адамға мамандандырылған медициналық, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мүмкін емес. Чадта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қорғауды қажет ететін мыңдаған балаға арналған қызмет жабылу алдында тұр. Ал Эфиопияда Оңтүстік Судан мен Эритреядан келген ондаған мың босқынды тіркеу жұмыстары тоқтады. Бұған қаражат тапшылығы себеп. Өз елінен бас сауғалап қашқан босқындардың саны да күн өткен сайын еселеп барады. Олардың көбі жолда опат болуда.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:
- Джибути жағалауында Йеменге бет алған мигранттардың қайығы апатқа ұшырап 139 адам қаза тапты. Тағы 84 адам жоғалғандардың қатарында. БҰҰ мен Халықаралық көші-қон ұйымы аман қалғандарды қажетті заттармен қамтамасыз етіп, оларға психологиялық көмек пен қолдау көрсету бағытында жұмыс істеп жатыр. Жалпы Йеменде қарулы қақтығыстар ушыға бастағаннан бері 217 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Доминик Хайд, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының сыртқы байланыстар департаментінің директоры:
- Ұйымның баяндамасы жай ғана құжат емес. Оның әрбір бетінің артында азап пен қайғы жатыр. Мен қаражаттың жоқтығынан көмек көрсете алмайтын миллиондаған босқын, қоныс аударған және азаматтығы жоқ адамдар туралы айтып отырмын. Бұл мәселе тек БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына ғана қатысты емес. Оның салдары біз жаңа ғана сөз еткен үкіметтік емес ұйымдарға, БҰҰ Балалар қорына, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына да әсер етеді.
Мәселені шешу үшін Бархам Салих донор мемлекеттерді, халықаралық ұйымдар мен жеке сектор өкілдерін тұрақты әрі икемді қаржыландыруды қамтамасыз етуге шақырды. Ұйымның пікірінше, бұл босқындардың қауіпсіздігін қорғауға және оларға көрсетілетін негізгі гуманитарлық көмекті сақтауға мүмкіндік береді.
Арайлым Жақсылыққызы