Өзбекстанда балаларға зорлық көрсеткендерге жаза күшейтілді
Өзбекстанда 14 жасқа толмаған балаға жыныстық зорлық көрсеткендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткендерге жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Бұл туралы президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева мәлімдеді.
Оның айтуынша, балаға зорлық көрсеткен әр адам заң алдында жауап береді. Олардың қатарында білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен баланың туған-туыстары да бар. Егер қылмыс салдарынан бала қайтыс болса, кінәлілердің жазасын жеңілдетуге жол берілмейді.
Жаңа заң бойынша, 14 жасқа толмаған балаға жыныстық зорлық көрсеткендер 25 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай қылмыстарға қатысты ескіру мерзімі болмайды. Яғни, қылмыс жасалғанына қанша уақыт өтсе де, кінәлі адам жауапқа тартылуы мүмкін.
Жаңа заң бес кодекс пен алты заңға өзгеріс енгізеді.
Бұған дейін Өзбекстанда 14 жасқа толмаған баланы зорлағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған еді.