Франция қарызынан Еуроодаққа қауіп төнді

Еуроодақтың қаржылық тұрақтылығына қауіп төнді.

Бар себеп Францияның мемлекеттік қарызының өсуі. Еуроаймақтың екінші ірі экономикасы 3,5 трлн еуро берешек. Бесінші Республика осы қарыздың пайызы бойынша тек биыл 65 млрд еуро қайтаруға тиіс.

Ал бұл Францияның қорғанысы мен біліміне бөлінетін қаржыдан әлдеқайда көп. Туындаған мәселе еуроаймақ елдерінің нарығына қалай әсер етеді? Сарапшылар не дейді?

Халықаралық Валюта қоры Франция қатаң үнемдеу шараларын дереу қолға алмаса, бюджет тапшылығы алдағы жылдары 6 пайыздан асатынын айтады. Ал қарыз көлемі 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 128 пайызына жетеді. Ал бұл 2010 жылы Грекияны қаржылық дағдарысқа ұрындырған көрсеткіштің дәл өзі. 

Жордан Барделла, Ұлттық бірлестік партиясының жетекшісі:

- Елдің экономикалық жағдайы ауыр. Жаһандық геосаяси ахуал да ушығып тұр. Ормуз одан соң Баб-эль-Мандеб бұғазының жабылуы мұнай бағасына кері әсер етті. Бұл жанармайдың қымбаттауына әкелді. Ал, инфляцияның өсуі жалақыны жейді. Үкіметтегілер бұл мәселені көп ескермей отырған секілді.  

Кейінгі жылдары Францияның экономикалық өсімі баяу. 2017 жылы билікке Президент Макрон келгенде елдің сыртқы берешегі шамамен 2,3 трлн еуро еді, ал қазір 3 жарым трлн еуроға жетті. Яғни, Бесінші Республиканың мемлекеттік қарызы 9 жылда 1,2 трлн еуроға көбейді. Сондықтан Париж билігі нақты қадамдарға барып, келер жылы бюджет тапшылығын 5 пайызға дейін азайтуға ниетті.   

ФРАНЦИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЫЗЫ 

2017 ЖЫЛ -  2,263 ТРЛН ЕУРО 

2026 ЖЫЛ  - 3,5 ТРНЛ ЕУРО

2 ГРАФИКА

ФРАНЦИЯНЫҢ БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ

2017 ЖЫЛ  - 3,4 %

2026ЖЫЛ  - 5,4 %

2027 ЖЫЛ – 5  %

Ролан Лескюр, Франция қаржы министрі:

- Біз қарыз жүктемесі өсіп жатқанда, қол қусырып құр отыра алмаймыз. Сондықтан 2027 жылы бюджет шығынын қысқартып, ақша-несие саясатын ретке келтіруге күш саламыз. Келер жылы 54 миллиард еуро үнемдесек дейміз. Мұның 43 млрд еуросы жаңа шараларды іске асыру арқылы үнемдейміз. Ал қалған 11 миллиард еуроға - осыған дейін қабылданған,  шаралардың нәтижесінде қол жеткізбекпіз. 

Үкіметтегілер мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өзгерісіз қалатынын айтады. Зейнетақы да индекстелмейді, яғни инфляцияға қарай өспейді. Бұған қоса аймақтарға бөлінетін қаржы азаяды. Денсаулық сақтау саласының шығындары қайта қаралмақ. Бесінші Республиканың экономикалық ахуалына инвесторлар да алаңдап отыр. Капитал нарығындағы ахуал Париж билігіне деген сенім жоғалып бара жатқанын көрсетсе керек. Францияның мемлекеттік облигацияларының кірісі артса да, сұраныс төмен. Өйткені, көбі құйған ақшасы қайтанына сенбейді. Қазір инвесторлар сенімді актив ретінде Францияның емес, Германияның мемлекеттік облигацияларын таңдайтын болған. 

Джон Лестер, Associated Press сарапшысы:

- Францияның мемлекеттік қарызының өсуі президенттік сайлаудың негізгі тақырыбына айналды. Бірі шығынды қысқартуды ұсынса, енді бірі қарызды өтеуден бас тартып, төлемдерді тоқтатуды ұсынып отыр. Алайда, үнемдеу халықтың әл-ауқатының нашарлауына, ал қарызды өтеуден бас тарту елдің несие алу мүмкіндігін әлсіретеді. Келер жылы көктемде өтетін президенттік сайлаудан соң, Эмманюэль Макронның орнына кім келсе де, ол осы күрделі мәселелерді шешуге тиіс.

 Кейінгі сауалнамаға қарағанда, қазір Францияда халық арасында "Ұлттық бірлестік" партиясының беделі артып келеді. Оңшылдар президентікке үміткер ретінде Марин Ле Пенді ұсынуға ниетті. Алайда ірі инвесторлар ол билікке келсе, Францияның экономикалық саясаты түбегейлі өзгеруі мүмкін деп қорқады. Қазір Бесінші Республикаының мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 119 пайызына тең. Марин Ле Пен бұл көрсеткішті 60 пайызға дейін қысқартуға бейіл. Өйткені бұл Еуроодақтың талабы. Сондықтан бюджет тапшылығын жылына 0,5 пайызға азайту қажет. Саясаткер бұл өзгерісті тіпті Конституцияға енгізуге ниетті. Яғни үкімет ауысса да берешектен құтылу міндеті өзгермейді.

Марин Ле Пен, президенттікке үміткер:

- Бұл заңды ата-заңымызға енгізсек, парламент бюджет тәртібіне бағынады. Әрине ірі экономикалық дағдарыс болса, бұл талапты бір жылға уақытша тоқтатуға болады. Бірақ депутаттардың бестен үші қолдауға тиіс. Нақты себеп болмаса, жеткілікті дауыс жинау оңай емес. 

Иә, инвесторлардың алаңдауына негіз бар, әрине. Өйткені, еуро құнсызданып барады. Еуроаймақтың ортақ валютасының құны бір жылда 5 пайызға құлдырады. Еуро әлсіресе, сырттан келетін тауарлардың бағасы еселенеді. Өйткені мұнай, газ, шикізаттың қай түрі болсын, саудасы АҚШ долларымен жүргізіледі. Еуроаймақтың ортақ валютасы одан әрі құлдырыса, бүкіл кәрі құрлықты қымбатшылық жайлайды. Бұл бірінші кезекте, халықтың қалтасына салмақ салады. 

Анн-Софи Альсиф, BDO France бас экономисі:

 - Әлем елдерінің қарыз көлемі күрт өсті. Себебі көп мемлекет ұзақ уақыт төмен пайызбен алды. Францияның берешегі 3 трлн еуродан асады. Бірақ елдің жинағы бұдан екі есе көп. 6 трлн еуро. Егер бұл қаражат өнімді секторларға салынса, қарыздан құтылып қана қоймай, өсімге де қол жеткізуге болады.

Франция қарызына қатысты мәселені реттемесе, бүкіл еуромаймақтың қаржы тұрақтылығы шайқалады. Яғни бұл үлкен бюджеттік дағдарысқа, сондай-ақ кәрі құрлықта дефолттар тізбегін туғызуы ықтимал. Сондықтан экономистер Еуропалық Орталық банкті нарықтағы ахуалға араласуға шақырды. 

Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: