Әлем 200 млн га орманды қалпына келтіруі тиіс
Әлемде кейінгі 35 жылда 489 млн гектар орман жойылып кетті. 460 млн алқап ауыр зақымданған. Бұл – БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегі, деп хабарлайды 24KZ.
Орман-тоғайлардың сиреуі табиғат қана емес, әлемдік экономикаға кері әсер етіп отыр. Себебі жаһан жұртының үштен біріне жуығының табыс көзі осы орманға байланысты.
Динара Қуандыққызы, тілші:
- Әлемдегі орман алқаптарының жалпы аумағы 4 млрд гектардан асады. Бұл – Жер шары құрлығының шамамен 32 пайызы. Ормандарда жануарлар мен өсімдіктердің 80 пайызы тіршілік етеді. Алайда кейінгі жылдары жасыл желек аумағы азайып барады. Соңғы 35 жылда әлемде шамамен 460 млн гектар орманның жай-күйі нашарлаған. Бұған негізінен өрт, зиянкестер және климаттың өзгеруінен туындап жатқан түрлі құбылыстар себеп.
Фридерика Отто, климатолог:
– Орман өрттерінің жиілеуіне түрлі жағдай себеп. Мысалы, Испанияда қараусыз қалған жерлер көп. Ауылдар босап, егістіктер өңделмей жатыр. Салдарынан қураған шөп пен өсімдік кез келген ұшқыннан оңай тұтанады. Ал Францияның Бордо қаласы маңында жағдай басқаша. Онда қолдан отырғызылған қарағайлы орман көп. Ашық жер жоқ. Олар қураса, өрт шықса, тез жанады. Мұндай өртті тоқтату өте қиын.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл мәселеге дер кезінде көңіл бөлмеу әлемге жыл сайын 6 триллион долларға дейін шығын әкеледі. Бұл сома жаһандық ішкі жалпы өнімнің шамамен 8 пайызына тең. Сондықтан мамандар ормандарды қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуге шақырады. Мамандардың есебінше, жердің тозуы мен құрғақшылыққа қарсы күреске салынған 2,5 триллион доллар сегіз есеге дейін әлеуметтік пайда әкелуі мүмкін.
«Орманды қалпына келтірудің пайдасы табиғатпен ғана шектелмейді. Бұл адамдар үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына жол береді. Халықтың әл-ауқаты артып, қоғамдағы өзара байланыс күшейеді. Сондай-ақ мәдени ерекшеліктер мен дәстүрлі білімді сақтауға мүмкіндік туады», – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы.
Динара Қуандыққызы, тілші:
- Ақпарға сәйкес 90-ға жуық ел 2030 жылға дейін 200 млн гектарға жуық орманды қалпына келтіруге келіскен. Қазір осы мақсатта 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Сахара мен Сахельдегі «Ұлы жасыл қабырға» бастамасы және Қытайдың «Үш солтүстік» бағдарламасы бар.
Авторы: Динара Қуандыққызы