БҰҰ: аш құрсақ жүрген әйелдердің саны артады

Таяу Шығыстағы қақтығыстың салдары миллиондаған әйел мен баланың күнделікті тұрмысын қиындатып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамынша, жыл соңына дейін тағы 11,7 млн әйел мен қыз бала азық-түлік тапшылығына тап болуы мүмкін. Қымбатшылық, жұмыссыздық пен гуманитарлық дағдарыс жағдайды одан әрі ушықтырды. Дағдарыстың негізгі ауыртпалығын неге әйелдер көреді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуынан 2026 жылдың соңына қарай тағы 11,7 млн әйел мен қыз-келіншек азық-түлік тапшылығына тап болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 208 млн еді. БҰҰ-ндағы «Әйелдер» құрылымының зерттеуі осындай болжам тудырды.

Ньярадзайи Гумбонзванда, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы атқарушы директорының орынбасары:

- Азық-түлік тапшы болған кезде әйелдер аштыққа ұзақ уақыт төзуге мәжбүр болатыны белгілі. Олар көбіне өзгелердің қажеттіліктерін өтеу үшін құнарлылығы төмен тағамдарды тұтынады немесе тамақтанудан мүлде бас тартады. Гендерлік теңсіздік кімнің азық-түлікке және оны сатып алуға қажетті ресурстарға қол жеткізе алатынын айқындайды.

Дамиан Вакье, Йемендегі Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы:

– Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы дағдарыстың алғашқы күнінен бастап барынша қол ұшын созуда. Қолда бар ресуртар мен азық-түлікті таратып жатырмыз. Жаңадан келген босқындарға да қолдан келгенше көмегімізді аяп жатқан жоқпыз.

БҰҰ-ның дерегіне сай 28 елде жыл соңына қарай азық-түлік тапшылығына тап болуы мүмкін қосымша 22 млн адамның 53 пайызын әйелдер мен қыз-келіншектер құрайды. Оған соғыстан бөлек, Ормуз бұғазындағы логистиканың бұзылуы басты себеп. Мәселен, азық-түліктің құны шарықтап, қарапайым халықтың күнкөрісі қиындап кетті.

Мохаммед Әл-Ахдал, сана тұрғыны:

– Бір қап үн мен қант алуға тапқан табысым жетпейді. Күнімізді әрең көріп отырмыз. Базарға келіп жарты келі немесе бір келі деп аз-аздан аламыз. Шай, май, қант сияқты тауарлар тез таусылып қалады. Ең негізгі асымызды ғана алуға тырысамыз.

Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының бұзылуы энергия тасымалдаушылардың, тыңайтқыштар мен тасымал қызметтерінің қымбаттауына әкеп соқты. Әсіресе халық саны тығыз Оңтүстік Судан, Судан, Гаити, Йемен және Палестинадағы ахуал қиын. Зерттеуге сай Оңтүстік Суданда жалпы әйелдердің 14 пайызы азық-түлік тапшылығына тап болған. Жалпы бұл мәселені бастан өткергендердің басым бөлігі әйелдер қауымы. Мысалы, Ауғанстанда олардың үлесі шамамен 60 пайыз, Йеменде 57 пайыздан астам, ал Суданда 56 пайызға жуық. Оған қоса бұл халықтардың күнкөріс көзінен айырылып қалу қаупі де жоқ емес. Мысыр, Ирак, Палестина, Судан және Сирияда әйелдердің шамамен 80 пайызы жұмыссыз. Ауғанстан мен Йеменде бұл көрсеткіш тіпті 95 пайызға жетті. Екі қолға бір күрек табу әйелдер тұрмақ ер азаматтарға оңайға соқпай тұр.

Гада Жергілікті, тұрғын:

– Аш құрсақ күйде ұйқыға жатамыз. Біз үшін балаларымыз тамақтанса болды. Келесі күні қайтадан осы жағдай. Жастарымыз күн сайын жұмыс іздеп кеткенімен үйге құр қол қайтады. Амалдың жоқтығынан балаларымыз қоқыс теріп кетеді. Бұл жоқшылықтан қашан арыламыз? Отбасымыздың жасы үлкен мүшелері де күнкөріс қамымен жұмыс істеуге мәжбүр. Лагерьде өмір сүру бара-бара қиындап барады.

Аймақтағы ханымдар қаржылық қызметтерге де қол жеткізу мүмкіндігінен айырылды. Ирак, Ливан, Пәкістан және Йеменде әрбір бес әйелдің біреуінде ғана банк шоты немесе мобильді төлем жүйесінде есепшоты бар. Яғни басым бөлігі ақша жинау, оны аудару немесе мемлекеттен қаржылай көмек алу, несие рәсімдеу мүмкіндігінен қағылды. Басым көпшілік отбасының бір мүшесіне тәуелді болып отыр. БҰҰ-ның «Әйелдер» құрылымы Таяу Шығыстағы нәзік жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шараларды шұғыл қабылдау керек деп дабыл қағуда.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: