Әлем кібісе секундтан бас тартады

2027 жылдың 20 мамырынан бастап әлемдік уақытты кібісе секундтар арқылы түзету тоқтатылады. Мұндай шешім Францияның Версаль қаласында өткен Өлшемдер мен салмақтар жөніндегі бас конференцияда қабылданды, деп хабарлайды 24KZ.

Уақытты Жердің айналу жылдамдығына сәйкестендіру үшін ғалымдар жүйеге бір секунд қосуға мәжбүр болған. Мұндай түзету 1972 жылдан бері 27 рет жасалды. Алайда бұл навигация, телекоммуникация және қаржы жүйелерінің жұмысына қауіп төндіргендіктен, атомдық және астрономиялық уақыт арасындағы рұқсат етілген айырмашылықты бір сағатқа дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Ғалымдардың есебінше, бұл бірнеше ғасыр бойы уақытты қосымша түзетпеуге мүмкіндік береді. Атап өтейік, әңгіме тек техникалық есептеулер туралы болып отыр, сондықтан бұл өзгеріс адамдардың күнделікті өміріне әсер етпейді. Конференцияда қабылданған тағы бір маңызды шешім – Айдағы уақытты есептеудің бірыңғай жүйесін әзірлеу. Шара қатысушылары Айда барлық елге ортақ, Жердегі уақытпен сәйкестендірілген бірыңғай уақыт шкаласы болуы керек деген келісімге келді.

Фредерик Мейнадье, халықаралық Өлшемдер мен салмақтар бюросы уақыт департаментінің физигі:

– Айдың уақытына қатысты шешім ғарыш агенттіктерімен бірлесіп, олардың сұранысы бойынша әзірленді. Өйткені олар Айға ғарыштық миссиялар жіберуді жоспарлап отыр. Бірыңғай уақыт шкаласы Айға жіберілетін түрлі аппараттардың өзара үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл олардың орналасқан жерін анықтау, навигация және Жермен байланыс орнату үшін қажет.

Конференцияда талқыланған тағы бір маңызды мәселе – секундтың өзін қайта анықтау. Қазір секунд ұзақтығы цезий атомдарының тербелісі арқылы өлшенеді. Алайда Жердің айналу жылдамдығы үнемі өзгеріп тұратындықтан, атомдық және астрономиялық уақыт біртіндеп алшақтайды. Ал заманауи оптикалық сағаттар бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда дәл. Сондықтан ғалымдар секундтың анықтамасын да қайта қарауды көздеп отыр. Жаңа эталонға қатысты ұсыныс 2030 жылы өтетін келесі бас конференцияда талқылануға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз: