Боливиялық фермер пластик пен шиналардан дизель өндіреді
Әлем бойынша жанармай бағасының қымбаттауы біраз шаруалардың жұмысына салмақ салып отыр. Боливияның Альтиплано үстіртіндегі фермер бұл тығырықтан шығудың жолын тапты, деп хабарлайды 24KZ.
Этсон Мачака пластик қалдықтар мен ескі шиналарды өңдеп, тракторларына қажетті жанармай алады. Шағын қондырғы тәулігіне 150 литрге дейін отын өндіреді. Бұл фермерге шығынды азайтып, егін егу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Боливияның Альтиплано үстіртінде жанармай бағасының өсуі ауыл шаруашылығына айтарлықтай әсер етті. Мемлекет дизель отынына берілетін субсидияны алып тастағаннан кейін шаруалардың шығыны еселеп кетті. Ал жергілікті фермер Этсон Мачака мәселенің өзіндік шешімін тапқан. Ол пластик қалдықтарын, ескі шиналар мен пайдаланылған майды қайта өңдеп, тракторға қажетті отын өндіре бастады.
Этсон Мачака, фермер:
– Біз пластикті, пакеттерді, шиналарды және пайдаланылған майды жинап, осы қалдықтарды биік таулы аймақта отын өндіруге қажетті шикізатқа айналдырамыз. Біз өндірген отынды сатпаймыз. Оны тек жер жыртуға, тұқым себуге және егін жинауға пайдаланамыз. Анд таулы аймағындағы шаруалардың қажетіне жарап жатыр.
Қондырғы тәулігіне 80-нен 150 литрге дейін бензин мен дизель отынын өндіреді. Оған пиролиз әдісі қолданылады. Яғни қалдықтар оттегісіз ортада жоғары температурада қыздырылғанда отын өндіруге жарамды өнім шығады. Жергілікті өнімнің бір литрі үшін кететін шығын 1 АҚШ долларына да жетпейді. Ал нарықтағы дизель отынының бағасы екі есе қымбат.
Этсон Мачака, фермер:
– Дизель отынының бір литрі шамамен 2 АҚШ долларына саудалануда. Бұл ауылдағы шаруалардың экономикалық жағдайына қатты әсер етті. Ал енді бізде дизель отынын өңдейтін қондырғы бар. Соның арқасында қажетті дизельдің 30 пайызын өзіміз шығарамыз.
Боливияда соңғы кездері көмірсутек өндірісі азайып, импортқа тәуелділік артты. Ел тұтынатын дизель отынының 95 пайызы және бензиннің 60 пайызы шетелден жеткізілетін. Фермердің шағын өндірісі күллі елдің жанармай тапшылығын шешпесе де, бір ауылдың шығынын азайтып, шаруашылықтың кідіріссіз жұмыс істеуіне септігін тигізуде. Әрі қоқысты қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаны да ластанудан қорғап отыр.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы