Қытайда тоғызқұмалақ федерациясы ашылады
Қазір тараптар осыған қатысты келіссөз жүргізіп жатыр.
Бұл туралы Республика күніне арналған турнир кезінде белгілі болды. Зияткерлік ойын жарысы Бейжіңдегі Қазақстанның мәдениет орталығында өтті.
Қазақтың тоғызқұмалағы енді Қытайда бұрынғыдан да кеңінен насихатталады. Бұл іске еліміздің Қытайдағы елшілігі мен мәдениет орталығы және федерация бірлесіп күш салатын болды. Республика күні алғашқы шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қытай жұрты зияткерлік ойынға ерекше қызығушылық білдірді.
Лю Лунчжу, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Тоғызқұмалақ ойынын алғаш рет ойнадым. Кәсіби мамандар ережесін түсіндіріп көрсетті. Есеп пен стратегияға негізделген ойын екен. Маған әсіресе ойынның шығу тарихы ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара барысында Қытайда тоғызқұмалақтан федерация ашылатындығы белгілі болды. Қазір тараптар осы бағытта жұмыс жоспарын пысықтап, мәміле жасап жатыр. «Бұл қазақ-қытай бірлескен мәдени-спорттық іс-шараларын көбейтіп, қазақтың бай мәдени мұрасын таныстыруға жол ашады» дейді ұйымдастырушылар.
Мақсат Раманқұлов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті:
- Одан кейін қазіргі мына Қытайдағы құрылып жатқан федерация тығыз жұмыс істеп, жоспар құрып, келешекте жақсы жұмыс жасайды. Сол үшін бүгін меморандумға қол қойылды.
Мерекелік іс-шараның екінші бөлімінде турнир өткізілді. Қатысушылар шеберлік сағатында алған білімдерін тексеріп, өзара бақ сынады.
Талант Оңғаров, Қазақстанның Қытайдағы мәдениет орталығы директорының орынбасары:
- Жалпы қатысушылардың саны алпыс. Ал турнирге қатысушы етіп іріктеп алғандар саны қырық адам. Қонақтардың арасында тек студенттер ғана емес, спорт саласының көрнекті мамандары бар. Олар да қызығушылық танытып, осы тоғызқұмалақ ұлттық ойынымызды үйренеміз деген ниетпен келген.
Турнир қортындысы бойынша бірінші орын қазақстандық жасөспірім Нұрали Ғабитке бұйырды. Жүлделі екінші және үшінші орынды қытайлық қос студент жеңіп алды. Қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылып, бағалы сыйлықтар берілді.
Авторы Руслан Бақытбекұлы