Әлемде медицина қызметкерлеріне шабуыл жиілеген
Конгоның Бафвасанд қаласында жергілікті тұрғындар медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, бір медбике қаза тапты.
Мектеп директоры да жараланды. Ол ашуға бұлыққан халықты тоқтатпақ болған. Қалған ақ халаттылар үйлеріне қайтуға қорқып, ауруханада қонуға мәжбүр. Тәртіп сақшылары медицина қызметкерлерінің күзетін күшейтті. Қазір Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті өршіп тұр. Кейінгі дерек бойынша инфекцияны жұқтырғандар саны 10 мыңға жеткен. Алайда тұрғындардың көбі "ауруды медициналық қызметкерлердің өздері таратты" деген жалған ақпаратқа сенеді. Қазір халықтың басым бөлігі медицинаға емес, емшілерге жүгініп жатыр. Ал бұл Эбола індетінің таралуын тоқтатуға кедергі, дейді мамандар. Африка еліндегі ахуалға БҰҰ өкілдері де алаңдап отыр.
Даниэла Гросс де Алмейда, БҰҰ Баспасөз хатшысының орынбасары:
- Медицина қызметкерінен айырылу - бұл орыны толмас қаза. Кеше Кисангани қаласында да медициналық орталық тоналды. Медицина қызметкерін ұрып-соғып, біраз уақыт жібермей, қинап ұстап отырған. Кейін оны босатты. Бірақ тұрғындар арасында жалған ақпараттың таралуы, медицинаға сенбеуі ақ халаттылардың онсыз да ауыр жұмысын одан бетер қиындатып тастады.