АҚШ-та аралық сайлау өтеді

АҚШ-та ертең аралық сайлау өтеді. Конгрестегі басымдық үшін республикашылар мен демократтар тартысқа түседі. Бірі қос палатадағы үстемдігін сақтап қалғысы келсе, бірі саяси ықпалын күшейтуге тырысып жатыр.

Бұл Президент тағына талас емес, бірақ  қорытынды дауыс Дональд Трамптың алдағы екі жылдағы жоспарларын жүзеге асыруына тікелей әсер етпек. Сауалнамаларда сайлаушылар экономика мен денсаулық сақтау мәселелеріне басымдық беріп отыр. Ал штаттардағы бәсеке бірінде аттас кандидаттардың дауына ұласса, енді бірінде партия ішіндегі алауыздықты әшкереледі. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Дональд Трамптың жұмысы көбейген үстіне көбейіп барады. Бұған кейінгі бір айда ел ішінде жасаған 30-ға жуық іссапар дәлел. Оның үстіне Қарашаның үшіндегі аралық сайлау жақындаған сайын қарашаға жақын болам деп тағы шабылып жүр. Тіпті республикашылдарға болысам деп Вашингтонда көп тұрақтамайтын болды.

Қазанның 26-сында аяқталған Reuters пен Ipsos сауалнамасында америкалықтардың 32 пайызы ғана Трамптың Президент ретіндегі жұмысын мақұлдаған. Gallup зерттеуінде тіркелген сайлаушылардың тең жартысы экономика мен денсаулық сақтау мәселелерін өз таңдауына көбірек ықпал ететін тақырыптар деп атаған. Одан кейін Ирандағы жағдай мен табыс теңсіздігі және жанармай бағасы тұр.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, аралық сайлауға дейінгі саяси науқан америкалық дәстүрге сай шоу күйінде өтіп жатыр. Мысалы, Аляскада сенатор сайлауының тартысы аттас адамдардың айқасына айналды. Қарашада өз орнын сақтап қалғысы келген Сенатор Дэн Салливанға қарсы тағы бір Салливан бәйгеге түсті. Жұрт шатасып, қос Салливанға дауыстарын бөліп беріп жатқанда, демократ Мэри Пелтола көбірек ұпай алып кетуі мүмкін деген күдік пайда болды. Бұл дауға Трамп та араласып, қазір іс тергеуге ұласып кетті.

Ал Мичиганда Денсаулық сақтау саласынан келген демократ Абдул Әл-Саид пен ФБР-дің бұрынғы агенті, республикашыл Майк Роджерс арасында бәсеке қызды. Бірі жеңсе, АҚШ тарихындағы тұңғыш мұсылман сенатор атанбақ. Екіншісі екі жыл бұрын қолынан сусып кеткен мандатқа қайта талпынып отыр. Қазір екеуі бір-бірінің осал тұсын аңдып әлек: Әл-Саид қарсыласын Трамптың айтқанынан шықпайды, халықтың күнделікті тұрмысына бас қатырмайды деп түйресе, Роджерс оның сөзіне сенуге болмайды деп шүйлігіп жүр. Сайлау қарсаңында демократтар арасынан да жік шығып, партияның бастапқы сайлауында Әл-Саидпен бәсекелескен Хейли Стивенс енді республикашыл Роджерсті қолдайтынын мәлімдеді. Ал Техаста демократ әрі болашақ пастор Джеймс Таларико республикашылардың ұйқысын қашырды. Отыз жылдан астам штат көлеміндегі сайлауда жеңіліп көрмеген партия биыл жеңісіне сенімді болмай тұр. Талариконың қарсыласы – Трамп қолдаған штаттың бас прокуроры Кен Пакстон. Бірі қарапайым халықты миллиардерлердің ықпалынан қорғауға шақырса, екіншісі Техасты демократтарға бермеуге үндейді. Үгітке жүздеген миллион доллар құйылғанымен, сауалнамада екеуі үзеңгі қағыстырып келеді. Енді Техас республикашылардың қамалы болып қала ма әлде Таларико сол қамалдың қақпасын бұзып кіре ме мәселе сонда болғалы тұр. Біз Вашингтондағы Джорджтаун кітапханасының жанындамыз. Мұнда алдын ала дауыс беру учаскесі ашылған. Бұл – америкалықтар үшін үйреншікті тәжірибе. Мәселен, 2024 жылғы сайлауда дауыс бергендердің 35 пайызы учаскеге алдын ала келген, тағы 30 пайызы пошта арқылы дауыс берген. Себебі негізгі сайлау сейсенбіге, жұмыс күніне түседі. Біреуге жұмыстан босау қиын, біреу сапарға шығады, енді бірі ұзынсонар кезекке тұрғысы келмейді. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы уақытта келіп, азаматтық міндетін атқарады.

Блиц:

Шэра, Вашингтон тұрғыны:

- Меніңше, еліміздің болашағы осы аралық сайлаудың нәтижесіне байланысты шешілейін деп тұр. Сондықтан оның маңызы зор. Соңғы көп жылда өзім дауыс берген сайлаулардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі осы деп ойлаймын.

Роберта, Вашингтон тұрғыны:

- Мен АҚШ-қа көшіп келгеніме шамамен 25 жыл болды. Мен үшін сайлауға қатысып, өз ұстанымымды білдіру маңызды. Әсіресе қазір елде болып жатқан жағдайларды ескерсек, өз атыңнан да, қауымдастығыңның атынан да қандай бағытты қолдайтыныңды білдіру өте маңызды.

Уин, Вашингтон тұрғыны:

- Бұл сайлаудың маңызы зор. Жалпы дауыс беру – демократияның негізі. Адамдар дауыс беру құқығына, өз дауысының маңызына сенбесе, қандай республика, қандай демократия туралы айтуға болады? Халықтың күші санында ғана емес, бірлігі мен билікке ықпал ете алуында.

Қарашаның үшіндегі аралық сайлауда өкілдер палатасындағы барлық 435 орын мен Сенаттағы 35 мандат сарапқа салынады. Алғашқы нәтижелер сол күні кешке, Қазақстан уақытымен қарашаның төрті күні таңертең түсе бастап, бірнеше күнге созылады.

Ердана Ержанұлы, Иджоу Шін

Сондай-ақ оқыңыз: