АҚШ саясатын қандай өзгерістер күтіп тұр?
АҚШ-тағы саяси бәсекеде демократтар республикашылдардан басым түсті. Бірақ тартыс мұнымен біткен жоқ. Демократтар жеңіске жеткенімен, Америка қоғамының алдында үлкен жауапкершілік алды.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп та алдағы екі жылда саяси қарсылыстарымен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Келіспесе вето қоятынын да жасырмады.
Қалай дегенмен АҚШ саясатындағы кез келген жаңа жобаны бекітіп, қаржы бөлу үшін алдымен Конгрестің мақұлдауы қажет. Ал Ақ үй мен жаңа Конгрес қаншалықты үйлесімді жұмыс істей алуы мүмкін?
2 айдан соң Конгресте демократтар басымдыққа ие болады. Аралық сайлау қорытындысы бойынша Демократиялық партия өкілдері Конгрестің қос палатасында да көпшілік дауысқа ие. Олар Өкілдер палатасында кемі 18, ал Сенатта жеті жаңа орынға жайғасады. Қазір демократтардың Өкілдер палатасында кемі – 240, ал республикашылдардың 147 орны бар. Сенатта демократтар 54 орынға, республикашылдар 44 орынға ие. Дауыстарды санау әлі жалғасып жатыр. 3 қаңтарға дейін Конгрессті республикашылдар басқара береді әзірге.
Ал алпауыт державадағы бұл ауыс-түйіс жаңағы айтқан екі айдан соң тұтас жаһанға өзгеріс әкелуі мүмкін. Республикашылдардың жеңілу себебін Вице-президент Джей Ди Вэнс Ирандағы қақтығыспен байланыстырады. Ал сарапшылар: «Трамп енді сыртқы саясатта, соның ішінде Таяу Шығыста, бұрынғыдан да тәуекелшіл бағыт ұстануы мүмкін» дейді.
Элиза Эверс, CFR ұйымының Таяу Шығысты зерттеу жөніндегі аға ғылыми қызметкері:
- Кейде сыртқы саясат шынымен де сайлау нәтижесіне әсер етеді. Иранмен болған соғыс және оның америкалықтардың экономикасына тигізген салдары демократтардың Өкілдер палатасы мен Сенат сайлауындағы сенсациялық жеңісіне ықпал етті. Демократтар енді Конгрестің бақылау өкілеттіктерін пайдаланып, әкімшіліктен өз әрекеттері үшін есеп беруді талап етуге дайындалып жатыр. Сәтсіз стратегияны әшкерелеу мақсатында тыңдаулар өткізіліп, АҚШ-тың әскери операцияларын тоқтатуға және болашақта болуы мүмкін соғыстарға шектеу қоюға бағытталған заңнамалық бастамалар көтерілуі мүмкін.
Демократтар республикашылдарға қарағанда әскери шығындарды шектеуге бейім. Трамп биыл қорғаныс бюджетін бұрын-соңды болмаған 67 пайызға ұлғайтып, 1,5 триллион долларға жеткізуді талап еткен еді. Алайда демократтар әлеуметтік салаға жұмсалатын қаражаттың азаюы және соғыс шығындарына байланысты бұл өтінімді өткізбей тастады. Әрі Трамп Конгресс мақұлдаған миллиардтаған долларлық шетелдік көмекті шектеп тастады. Енді демократиялық партияның ықпалымен әлемдегі гуманитарлық және қаржылық бағдарламалар да қайта жандануы мүмкін. «Ал Израильде Нетаньяху үкіметі мен оның саясаты қазіргі бағытын жалғастырған жағдайда демократтар қатаң шараларға баруы мүмкін», - дейді сарапшылар. Бұл ретте сыртқы дипломатияны нығайтуды және Иран, Газа, Батыс жағалау, Ливан, Сирия мен басқа да аймақтардағы АҚШ мүдделерін қорғауға талпынады. «Экзитпол» деректеріне сәйкес, дауыс бергендердің 63 пайызы Ирандағы соғысты қайта бастау туралы шешімді қате деп санайды. Бензин, дизель отыны мен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының өсуі халықтың наразылығын күшейткен. Бұл мәселе демократтар үшін сайлауалды науқанның негізгі тақырыбына айналды. Олардың көпшілігі соғысқа ашық түрде қарсы шығып, оны тоқтатуға күш салуға уәде берді. Өйткені инфляция мен өмір сүру құнының қымбаттауы көптің көкейіндегі мәселе. Жанармай мен азық-түлік бағасының өсуіне Трамп әкімшілігін кінәлайтындар көп.
Дэвид Баркер, Америка университетінің саясаттану профессоры:
- Сайлаушылар демократтарды кенеттен жақсы көріп кеткен жоқ. Қазір америкалықтар Трамптың Республикалық партиясын толығымен қабылдамай отыр. Бұл бір партияның екінші партиямен салыстырғандағы қолдауының кейінгі екі жылдағы ауқымды өзгерісі болуы мүмкін. Мұндай жағдай 1972-1974 жылдардан бері болмаған. Оның үстіне қазіргі Президенттің танымалдығы аралық сайлау қарсаңында Гарри Трумэннен бері қызмет еткен Президенттердің барлығынан төмен екенін ескерсек, бұл аса таңғаларлық жағдай емес.
Ендігі мәселе алда демократтарды не күтіп тұр? Калифорниядан сайланған демократ-конгрессмен Тед Лью партияның міндеттерін атады.
Тед Лью, конгрессмен, Демократиялық партия өкілі:
- Біз халықтың тұрмысын қолжетімді ету мәселесіне басымдық береміз. Республикашылдар бастамашы болған АҚШ тарихындағы Medicaid бағдарламасына қатысты ең ауқымды қысқартуды жою туралы заң қабылдаймыз. Қолжетімді медициналық сақтандыру туралы заң аясындағы салықтық жеңілдіктерді қайтарамыз. Бағаның өсуіне себеп болып отырған Трамптың тарифтік саясатын тоқтатамыз. Жасанды интеллект мәселесі бойынша ашық тыңдаулар өткізіп, әсіресе деректер орталықтарының қызметіне қатысты ақылға қонымды шектеулер енгіземіз. Америкалықтар бұл саланың бақылаудан шығып бара жатқанын көріп отыр және оған қарсылық білдіріп келеді.
АҚШ қоғамын толғандырған мәселелерге қатысты екі партияның ұстанымы екі түрлі. Мысалға, демократтар миллиардерлер мен ірі корпорацияларға салынатын салықты көтеріп, табысы 400 мың АҚШ долларынан төмен азаматтарға салықты жеңілдетуді қарастырады. Ал республикашылар Трамптың 2017 жылғы салықтық жеңілдіктерін тұрақты ету және шай-пұлға салынатын салықты алып тастағысы келеді. Сосын көші-қон мәселесіне қатысты екі партияның мүддесі де – шекарадағы тыныштық. Оны қамтамасыз ету үшін демократтар көші-қон жүйесін реформалау керек десе, қарсы партия депортацияны жөн көреді. Былтыр Трамп билікке келген сәттен бастап 18 айдың ішінде 980 мың мигрант АҚШ-тан шығарылған. Бұдан бөлек, америкалықтар арасында даулы тақырыпқа айналған жасанды түсік мәселесі бар. Демократтар аборт жасау құқығын ұлттық деңгейде заңмен бекітуді қалайды. Ал республикашылар жүктіліктің кеш кезеңдеріндегі аборт туралы шешімдерді штат деңгейінде қабылдауды қолдайды. Тағы бір маңызды түйткіл энергетика мен климат мәселесінде, Демократтар таза энергетиканы дамытуды жөн санаса, республикашылар қазба отындар мен атом энергиясын өндіру көлемін арттыруды жақтайды.
Сонымен 3 қаңтарда Конгрестің жаңа құрамы Ант береді. Бұдан соң Демократиялық партия өкілдерінен тағайындалған комитет төрағалары сыртқы саясат пен бюджет шығындарын қадағалайтын комитеттерге басшылық ететін болады. Бірақ оған дейін әлі екі ай мерзім бар.