Әлемде мыс қымбаттайды
Биыл әлемдік нарықта мыс бағасы тарихи рекорд орнатты. Бір тоннасы 14 мың доллардан асты. Қазір бұл металсыз бірде-бір озық технология құрастырылмайды. Тіпті деректер орталығы да салынбайды.
Сарапшылар жаһандық мыс қоры жеткілікті екенін айтады. Бірақ бір елде бұл шикізат қоры мол болса, енді бірінде жоқтың қасы. Мұның себебі неде?
Мыс – алдағы 1 жылда әлемде бағасы ең қарқынды қымбаттайтын металл. Бұл – Лондон биржасы сарапшыларының болжамы. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, қызыл металға сұраныс артады. Ал өндірісті көбейту оңай шаруа емес. S&P Global сарапшылары 230-дан аса кен өндіру жобасын зерттеп, бір жаңа өндірісті жолға қоюға кемі 16 жыл қажет екенін анықтады. Оның үстіне бұл – тек қазба байлығын өндіру емес, өңдеуді және миллиардтаған инвестиция қажет ететін күрделі сала.
Хелен Амос, BMO Capital Markets компаниясының басқарушы директоры
- Нарықтың ең ірі өндірушісі Чили өндіріс көлемін арттыра алмай отыр. Ал мысқа сұраныс ұлғаймаса, кемімейді. Өйткені жаңа салалар пайда болды. Соның бірі – жасанды интеллект. Деректер орталықтары, электр желілері мен жаңа энергетикалық инфрақұрылымның бәріне мыс қажет. Егер әлемдік сұраныс жылына 3 пайызға өседі деп есептесек, оның құны қымбаттайтыны анық.
Мыс – электр қозғалтқышы, литий-ион аккумуляторы және кабельдердің басты бөлшегі. Онсыз электрмобиль, дрон және квадрокоптерлер құрастырылмайды. Халықаралық мыс зерттеу тобының дерегі бойынша әлемде мыс қоры жеткілікті. Ұсыныс сұраныстан 104 мың тоннаға артық. Келер жылы бұл көрсеткіш 368 мың тоннаға жетуі мүмкін. Ал жаһандық стратегиялық қоймаларда қызыл металдың 1,2 млн тоннасы сақтаулы. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есе көп. Алайда бір елде мыс артық болса, бір елде тапшы. Яғни нарықтағы тепе-теңдік бұзылған. «Бұған АҚШ-тың тариф саясаты себеп», - дейді сарапшылар.
Тони Ким, Goldman Sachs компаниясының металдар саудасы бөлімінің басшысы:
- Қазір Президент Трамп мысқа баж салығын енгізеді деген қауіп басым. Сондықтан компаниялар алдын ала қамданып, қызыл металды Шығыстан АҚШ-қа жаппай тасымалдай бастады. Сөйтіп Құрама Штаттарында мыс қоры кейінгі 20 жылда рекордтық деңгейге жетті. Металдың көп бөлігі Америкаға жөнелтілген соң, әрине, өзге елдерде тапшылық пайда болады.
Құрама Штаттар мыс қорын еселеп жатқанда қытайлық кәсіпорындарға керісінше жетіспей жатыр. Шанхай биржасының дерегіне қарағанда қазір шығыстағы көршіміз металды қымбатқа алып отыр. Себебі қолда бары 55 мың тоннаға да жетпейді. Сондықтан Лондон биржасындағы бағадан тоннасына 210 долларға қымбат импортайды. Бұрын баға өндіру, тұтыну және шикізат қоры секілді 3 факторға тәуелді болатын. Қазір бұған тариф саясаты, экспорттық шектеу, геосаяси жағдай және әр елдің өнеркәсіп саласындағы саясаты да әсер етеді.
Тони Ким, Goldman Sachs компаниясының металдар саудасы бөлімінің басшысы:
- АҚШ-тың тарифке қатысты саясаты қалай өзгеретіні маңызды, әрине. Алайда мұның шынайы әсері мен нәтижесі алдағы уақытта көрінеді. Егер АҚШ мысқа тариф енгізсе, импорты шектеледі. Ал енгізбесе, Құрама Штаттарға бірнеше айға, тіпті бір жылға жететін мыс қоры жеткізіліп қойды. Екі жағдайдың қай-қайсысы да оның бағасына кері әсер етуі ықтимал. Былтыр жазда да осындай жағдай болып, металл 10 пайызға арзандаған еді.
Бүгін таңғы сауданың қорытындысы бойынша, қызыл метал бағасы түсті. Бір тоннасы шамамен 13 мың 700 долларға сатылды. 17 шілдеден бері мыстың бағасы бұлайша төмендеген емес. Бұған Құрама Штаттарда аралық сайлаудан соң Конгресте демократтар ықпалының күшеюі себеп. Заң шығарушы органның екі палатасында басымдыққа ие болған Президент Трамптың қарсыластары жасанды интеллектіге бақылауды күшейтуі мүмкін. Демек деректер орталықтардың құрылысы баяулап, мысқа сұраныс азаяды деген болжам бар.
Лиз Миллер, Summit Place Financial Advisors қаржылық кеңес беру компаниясының басшысы:
- Жасанды интеллектінің дамуы тежеледі деп ойламаймын. Бірақ АҚШ-та бұл ақылды машинаның жұмысына қатысты жаңа ережелер мен шектеулер енгізілуі мүмкін. Нейрожелілердің қалай дамып, қандай бағытта қолданылатынын реттейтін белгілі бір талаптар күшіне енеді. Әсіресе жасанды интеллектінің жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымға баса назар аударылатын шығар.
Не десек те, қазір Жер бетінде қазба байлық үшін талас тартыс көп. Қазір онсыз бірде-бір озық технология, тіпті әскери техника да құрастырылмайды. Сондықтан бұл экономикалық және саяси үстемдікке талас деуге болады.
Авторы: Зайнұр Байжігіт