Қазақстан мен Қытай достығы өнерде тоғысты
Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы Астанада қорытындыланды.
Салтанатты кеште қос елдің өнерпаздары бір сахнада өнер көрсетіп, ұлттық мұрасын таныстырды. Жыл аясында 40-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Бұл бастама екі ел арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, достықты жаңа деңгейге көтерді.
Өнер – ұлттарды жақындастыратын, мәдениетті үндестіретін ортақ тіл. Астанада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы қорытындыланып, қос елдің өнерпаздары бір сахнада бас қосты. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өткен салтанатты кеште екі халықтың ұлттық өнері мен бай мәдени мұрасы көрермен назарына ұсынылды. Салтанатты жиында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланыстың маңызына тоқталып, жыл аясында 40-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтті.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Тоғыспалы жыл аясында Қазақстан мен Қытайдың шығармашылық ұжымдары, өнер майталмандары мен мәдениет өкілдерінің қатысуымен 40-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінгі кештің мәні мен мазмұны да мәдени үндестігіміздің жарқын көрінісі болмақ. Қазақстандық және қытайлық өнерпаздардың бір сахнада өнер көрсетуі екі халықтың музыкалық дәстүрлері мен шығармашылық әлеуетін тоғыстырады.
Мәдени байланыс сахнадағы өнер көрсетумен ғана шектелмейді. Ол өзара тәжірибе алмасып, бір-бірінің дәстүрі мен мәдениетін тереңірек тануға жол ашатын мүмкіндік. Қытайдан келген өнер ұжымдарының өкілдері қазақстандық әріптестерімен бірлескен жұмысты жоғары деңгейде бағалады. Олардың айтуынша, шығармашылық ынтымақтастық екі ел арасындағы достықты нығайтып, жаңа жобаларға жол ашады.
Лю Вэй Нинбо, қалалық ән және би театрының директоры:
- Қазақстанмен достығымыз өте берік, болашағымыз жарқын деп сенемін. Екі елдің әртістері бірлесіп жұмыс істегенде ерекше жақсы әсер алдық. Қазақстандық әріптестеріміздің ұйымшылдығы мен кәсібилігі тәнті етті. Әсіресе олардың жоғары біліктілігі мені таңғалдырды.
Кештің көркін келтірген өнерпаздың бірі - әнші Рухия Байдүкенова. Ол көрерменге «Бұлбұл» әнін тарту етті. Өнер иесінің пікірінше, мұндай мәдени кездесулер елдер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, халықтардың бір-бірінің өнері мен тарихын жақынырақ тануына мүмкіндік береді.
Рухия Байдүкенова, өнер иесі:
- Мен артист ретінде осындай дипломатиялық жұмыстар керек деп ойлаймын. Жалпы осындай мәдени іс-шаралардың ролі үлкен, себебі әр халық өзінің мәдениетін, тарихын сахнада ұсынады. Яғни көрермендер сол сахналық қойылымдарға байланысты баға береді. Қазақтың музыкасына, қазақтың өнеріне деген қытай халқының лебізі өте жылы және өте жоғары бағалайды. Ол жақта біздің халық әндеріміз көптеген халық әндеріміз өз тілдеріне аударылған.
Бейжіңде басталған мәдени тоғыспалы жыл Астанадағы салтанатты кешпен түйінделді. Жыл бойы өткен ондаған шара екі елдің шығармашылық әлеуетін танытып, мәдени диалогтың аясын кеңейтті.