Азия елдері мұнай қорын жинайды
Өйткені осыған дейін айналасында қара алтынның молдығына сеніп, қойманы толтырып мүлде әуре болмаған мемлекеттер бар. Алайда Ормуз қақпасы жабылған кезде энергетикалық шикізаттың әр тамшысын үнемдеп жұмсауға мәжбүр болды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл мәселе Азиядағы 11 мемлекеттің басын қосқан Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының саммитінде қаралды. Филиппин астанасы Манилада осымен 49 рет өткен жиынға Президент Трамп, сондай-ақ Жапония, Үндістан, Аустралия және Оңтүстік Корея басшылары да қатысты. Басқосуда тағы нендей мәселелер қозғалды?
Жылдар бойы Ормуз бұғазы арқылы мұнайдың 90 пайызы Азия елдеріне уақытылы жіберілетін. Сондықтан қор жинаудың қажеті болмады. Бұған қоса энергетикалық шикізатты қоймада сақтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ал қор аз болған соң, Ормуз қақпасының жабылуы бірінші кезекте Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне әсер етті. Мұны ескеріп Жапония премьер-министрі аймақта Халықаралық энергетикалық агенттіктің баламасын құруды ұсынды.
Санаэ Такаичи, Жапония премьер-министрі:
– Азияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс тобын құрамыз. Негізгі мақсаты – төтенше жағдай кезінде қара алтын қорын нарыққа шығару және аймақтағы елдер арасында бөлісу тәртібін әзірлеу. Бас штаб-пәтері Токиода ашылады. Бұл Халықаралық энергетикалық агенттіктің Азиядағы баламасы деуге болады.
1967 жылы құрылған ұйымға 11 ел мүше. Олар: Индонезия, Малайзия, Филиппин, Сингапур, Таиланд, Бруней, Вьетнам, Лаос, Мьянма, Камбоджа және Шығыс Тимор. Енді әрқайсысы Жапонияның резервуарларына өз мұнайын құйып, сақтай алады. Бұған қоса Филиппинде екі ірі қойма салынып жатыр. Салыстырар болсақ, Ирандағы соғысқа дейін Халықаралық Энергетикалық агенттіктің қара алтын қоры 1 млрд 800 млн баррельге жететін.
Нарықта тапшылық туындаған кезде 400 млн баррелін сатуға шығарды. Ал бұл құрылымға кіретін мемлекеттердің басым бөлігі – Еуропа елдері. Сондықтан Оңтүстік-Шығыс Азия басшылары да қарап отырмақ емес. Ендігі қадамымыз мұнайға тәуелділікті азайтуға сеп болады деп отыр.
Фердинанд Маркос, Филиппин президенті:
– Мұнай тұтынушы және өндіруші елдер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Ақпарат алмасуды күшейтіп, мұнай қорын сақтау жөніндегі нақты тетіктерді дамытуымыз қажет. Теңіз жолы жабылмауы тиіс. Нарықтағы әділдік пен ашықтықты сақтау маңызды. Бұл үшін әрқайсысымыз халықаралық құқық талаптарына бағынуымыз қажет.
Әйтсе де, Ормуз қақпасының жабылуы жасыл энергияға көшу мәселесін кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетті.
Бұған қоса климат өзгерісі жаһандық сипат алды. Биыл Индонезияда орман өртінен тараған түтін Малайзия мен Сингапурге дейін жетті. Бұл үшін Президент Прабово Субианто көрші елдерден кешірім сұрады.
Прабово Субианто, Индонезия президенті:
– Орман өртін сөндіруге 4 ай уақытымыз кетті. Ал қара түтіннен Малайзия мен Сингапур халқы да зардап шекті. Біздің кінәміз жоқ. Алайда кешірім сұраймын. Қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Саммитте Оңтүстік Қытай теңізіне қатысты мәселе де қаралды. Бейжің билігінің бұл су жолына таласы бар. Оның 80 пайызын өз аумағы деп жариялаған кезі де болған. Десе де 2016 жылы Филиппин Гаагадағы халықаралық сотта жеңіске жетті. Бірақ шығыстағы көршіміз үкіммен келіспей қояды. Сондықтан тараптар әдеп кодексін жазуға кірісті. Құжат мәтіні 80 пайызға дайын қазір.
Тереза Лазаро, Филиппин Сыртқы істер министрі:
– Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының Қытаймен арадағы әдеп кодексі бойынша келіссөздің негізгі бөлігі аяқталды. Құжат бойынша 80 пайыз келісімге келдік. Енді диалогтың шешуші кезеңі басталады. Бұл арада Малайзия мен Қытай делегацияларының еңбегін атап өту керек.
Азиядағы 11 елдің басын қосқан ұйымның саммитіне Президент Трамп та келді. Бірер сағатта Ақ үй басшысы Жапония, Үндістан және Аустралия басшыларымен де кездесіп үлгерді. Бұл төртеуі Қытайдың аймақтағы көшбасшы болғанын құптамайды. Сондай-ақ тараптар бірқатар келісім жасасты. Соның бірі – сирек металдарға қатысты. АҚШ бұл салада Қытайдың экспортынан арылғысы келеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
– Біз сирек металдар бойынша бірнеше жаңа келісімге қол қойдық. Бұл қадам кей елдерге кіріптар болмас үшін қажет. Осы бағытта басталған жұмысты әлі жалғастырамыз. Алдағы 1 жылда бүгін қабылданған шешімдердің нәтижесін көреміз деп ойлаймын.
«Ал сарапшылар Президент Трамптың шетелге сапарға шығуына аралық сайлаудан соң Конгрестегі ықпалының әлсіреуі себеп», – дейді.
Осылайша, Ақ үй басшысы бір жағынан әлемдік саясаттағы ықпалын көрсетсе, екінші жағынан Вашингтоннан уақытша алыстайды, – деп отыр.
– АҚШ президенттері аралық сайлауда жеңіліп қалғаннан кейін сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөле бастайды. Өйткені Конгрестегі басымдықтан айырылған соң, халықаралық саясатта олардың әрекет ету еркіндігі әлдеқайда кең болады. Сондықтан сыртқы саясат олар үшін өздерін еркін сезінетін бағытқа айналады.
CNN телеарнасының мәліметіне сүйенсек бұл дәстүр сонау 1982 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы АҚШ-та экономикалық дағдарыс күшейіп, жұмыссыздық деңгейі 11 пайызға жетеді. Бұған қоса республикашылар өкілдер палатасындағы басымдықтан айырылады. Сөйтіп Президент Рональд Рейган Латын Америкасына бес күндік сапармен аттанған. Енді бұл тәсілді Дональд Трамп та қолданып отыр. Сарапшылар Азияға сапары оның саяси беделін қайта нығайтуға көмектесуі тиіс деп отыр. Маниладан кейін бүгін Ақ үй басшысы Қытайдың Шэньчжэнь қаласына барады. Мұнда Дональд Трамп, Си Цзинпинь және Владимир Путин бір үстел басында алғаш рет бас қосуы тиіс.
Автор: Зайнұр Байжігіт