АҚШ, Қытай және Ресей басшылары кездесті

Бүгін Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин алғаш рет үшжақты келіссөз жүргізіп, халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қарусыздану мәселесін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Саясаттанушылар бұл басқосуды 1945-ші жылы Қырымдағы Ялта қаласында өткен халықаралық келісіммен салыстырып отыр. Соғыстан кейін әлемдік державалар халықаралық тәртіптің негізгі қағидаларын сол жиында айқындаған еді.

АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының үшжақты кездесуі Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммиті аясында өтті. Жиынға дейін Дональд Трамп пен Владимир Путин жеке кездесті. Шамамен 40 минутқа созылған келіссөзге Ресей делегациясы атынан Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Қаржы министрі Антон Силуанов қатысты. АҚШ тарапынан Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Қаржы министрі Скотт Бессент болды. Басқосуда ядролық қарусыздану, Украинадағы соғыс, сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды. Айта кетейік, АҚШ президентін әуежайда Қытай Халық Республикасының төрағасы өзі күтіп алған. Ал Ресей басшысы Владимир Путинді Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Цай Ци қарсы алған. Кейін Си Цзиньпин мен Путин екіжақты келіссөздер өткізіп, өзара сауда айналымы 200 миллиард доллардан асқанын және екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетінін мәлімдеді. Жиыннан кейін Дональд Трамп Си Цзиньпинмен кездесті.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

– Ірі державаларға жүктелетін жауапкершілік ауыр. Олар өзара сындарлы қарым-қатынаста болуға міндетті. Кейінгі жылдары Қытай Ресеймен және АҚШ-пен жан-жақты стратегиялық әріптестігін өрбітіп келеді. Мұның игілігін тек осы үдеріске қатысушы тараптар ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық көреді. Қазір әлем кейінгі 100 жылда болмаған ауқымды әрі жедел өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Ал жетекші державалар әрі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері ретінде біз өзгелерге үлгі болуымыз керек. Жаһандық мәселелерді шешуде күш біріктіріп, бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз етуге және адамзаттың дамуына зор үлес қосуға тиіспіз.

Жеке кездесулерден кейін әлем назарын аударған үшжақты келіссөз өтті. Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бір үстел басында талқылады. Бұл – бір мезгілде үш ел көшбасшыларының қатысуымен өткен алғашқы кездесу. Өз кезегінде, Дональд Трамп АҚШ, Қытай және Ресейдің ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылауда тең мүмкіндікке ие екенін атап өтті. Алайда мұндай бастаманы жүзеге асыру оңай болмайтынын да жасырмады. Владимир Путин де Мәскеу, Бейжің және Вашингтонды жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ортақ жауапкершілік біріктіретінін жеткізді. Сонымен қатар Украинадағы жағдай алдағы келіссөздерде де талқыланатынын мәлімдеді.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

– Бас қосып отырған үш ел аймақтық қақтығыстарды реттеу мәселесінде көптеген ортақ мүддеге ие. Бұл, әрине, Украинадағы қақтығысқа да қатысты. Сондай-ақ қазіргі заманның сын-қатерлеріне, соның ішінде халықаралық лаңкестікке, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және басқа да мәселелерге қарсы күресте мүдделеріміз ортақ. Мен Ресей, Қытай, АҚШ және осы елдердің халқы өзара құрмет, теңдік пен мүдделер тепе-теңдігіне негізделген серіктестік аясында сындарлы ынтымақтастық орнату арқылы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қоса алады, деп ойлаймын.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

– Әлемдегі алпауыт үш мемлекеттің президенттері ретінде біз тек өз халқымызға ғана емес, жалпы жаһан жұртына қатысты мәселелер бойынша ашық, өзара құрметке негізделген және нәтижелі диалог жүргізу үшін ерекше жауапкершілік арқалаймыз. Көзқарасы тоғыспайтын мемлекеттер жиі диалогтан жалтарып жатады. Ал біз мұндай ұстанымды қолдамаймыз. Мәселені ашық талқыламаса, ешбір түйткіл шешілмейді. Өзара байланысты шектеу арқылы бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес. Әлемдегі ядролық арсеналы ең ірі үш держава ретінде АҚШ, Ресей және Қытай жер бетіндегі ядролық қару санын қысқарту және оны қолдану қаупін төмендету жолдарын қарастыру керек.

Шамамен бір жарым сағатқа созылған саммиттің кездесу қорытындысы бойынша тараптар ортақ мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда кейін Қытайдың мемлекеттік басылымы үш ел көшбасшысы қол қойған бейбітшілік декларациясын жариялады. Төрт тармақтан тұратын құжатта мемлекет басшылары стратегиялық тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін растаған. Декларацияның алғашқы үш тармағында Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды ілгерілету, әлемдік энергия ресурстары жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жайы қамтылған. Ал соңғы тармақта көшбасшылар ядролық соғыста жеңімпаз ел болмайтынын және мұндай соғысты ешқашан бастауға болмайтынын атап өткен. Тағы тараптар ядролық қауіп-қатерді азайту және ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз: