Камбоджада 1,5 млн адам аштық алдында тұр

Эль-Ниньо құбылысының кесірінен Камбоджада 1,5 млн адам табыстан қағылайын деп тұр. Себебі жылына 2 млн тонна балық аулап, мыңдаған ауылды асыраған Тонлесап көлі таязданып, оған құятын Меконг өзенінің арнасы тарылып барады, деп хабарлайды 24KZ.

Жанармай бағасының өсуі де жергілікті балықшылардың қалтасын қағып отыр. «Осылай жалғаса берсе, ел экономикасына үлкен соққы болуы мүмкін», – дейді ғалымдар.

Чан Мао есімді балықшы Тонлесап көлінің жағасында туып-өскен. Кәсібі де осы айдынға байланысты. Себебі бұл мекенде балықшылық атадан балаға мұра болып қалатын шаруашылық болып кеткен. Бірақ соңғы жылдары көлдегі балық саны күрт азайды. «Соның салдарынан дәстүрлі табысымыздан айырылу алдында тұрмыз», – дейді Мао.

Чан Мао, балықшы:

– Күннен-күнге барлығы қымбаттап барады. Әсіресе қайыққа жанармай керек. Себебі толтырып құймасам, күні бойы көлде отыра алмаймын. Бұрынғыша, тор салып, бір сағатта толатын заман емес.

Балықшылар ау құрып, көл үстінде сағаттап күтеді. Ол үшін қайықтарында жанармай жеткілікті болуы тиіс. Бірақ бүкіл әлемде мұнай бағасының өсуі кәсіпкерлерді мүлде табысынан айырайын деп тұр.

Меас Чоу, балықшы:

– Барған сайын шығындарымыз артып келеді. Әр балықшы бір отбасыдан асырап отыр. Бірақ жыл басынан бері жанармай бағасы едәуір өсіп, қайыққа отырудың өзі тиімсіз болып қалды. Құр қармақпен отырар болсақ, бір күндік тамағымыздан артылмайды.

Тонлесап көлі де, оған құятын Меконг өзені де бүкіл әлемге тылсым табиғи құбылысымен танымал. Себебі маусымдық жауын-шашын кезінде айдын аумағы 5 есе кеңейеді. Ал Меконг өзенінің арнасы кері бұрылып ағады. Сондықтан эколог-ғалымдар ерекше алаңдаулы.

Зеб Хоган, Невада университетінің профессоры:

- Меконг өзені мен Тонлесап көлінің байланысындай құбылыс әлемнің өзге түкпірінде жоқ. Жылына бұл жерде 2 млн тонна балық ауланып, жергілікті жұрт үшін азық болды. Бірақ балық популяциясы үшін бұрын кедергі емес еді. Себебі көл жағаны басқанда ғана мұндағы балықтар уылдырық шашады. Бірақ биыл көл кеңеймек түгілі кері кетті. Бұған өңірде болмаған аптап ыстық себеп.

Камбоджаның басты экспорттық тауарларының бірі – ол балық. Ал Тонлесап көлінде жылына 2 млн тонна ауланады. Сондықтан жаһандық климаттық өзгерістер ел экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін.

Авторы: Еркелді Тілеуқұл

Сондай-ақ оқыңыз: