COP31 саммитіне жиналғандар бірлескен құжат қабылдаған жоқ
Түркияның Анталия қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының климат саммиті аяқталды.
Қосымша екі күнге ұзартылған жиында тараптар, ортақ келісімге келе алмады. Мұндай жағдай кейінгі 17 жылда болмаған. Қатысушы елдер Анталия пактісін неге қабылдамады? Десе де, қандай мәселелер бойынша ымыраға келе алды?
Мұрат Құрым, COP31 конференциясының президенті:
- СОР конференциясының 31-сессиясын, Киото хаттамасы тараптарының 21-сессиясын және Париж келісімі тараптарының 8-сессиясын жабық деп жариялаймын. Жиын баршаның игілігіне жарап, пайда әкелгей!
Сөйтіп, 9 қарашада басталған СОР31 климат саммиті биыл да нәтижесіз аяқталды. Халықаралық конференцияға қатысушылар “Анталья пакті” деп аталған жоба бойынша ортақ қорытындыға келе алмай тарасты. Өйткені онда көмір, мұнай және газдан бас тарту жөнінде нақты міндеттеме жоқ. Осыған байланысты Германия мен Еуропалық Одақ құжатты қабылдамай қойды.
Дэрраг О'Брайен, Ирландияның климат, қоршаған орта және энергетика министрі:
- Біз қазба отындары туралы тіпті бір ауыз сөз айтылмаған шешімді де, “Анталья пактісін” де қолдамаймыз. Бұл климаттың өзгеруіне әкелетін негізгі себептердің бірі. Келіссөздер кері кетпеу керек, керісінше ілгерілеу керек.
Былтыр Бразилияда өткен басқосуда да мемлекеттер қазба отыннан кезең-кезеңімен бас тарту бойынша ортақ келісімге келе алмаған еді. Биыл да даудың басы осы болып отыр. Мұны шағын арал-мемлекеттер мен Латын Америкасы елдері қостайды. Пәкістан тараптарды ортақ келісімге келуге шақырып отыр. Ал ОПЕК ұйымы мұнай мен газсыз жаһанды энергиямен қамтамасыз ету мүмкін емес, дейді. Келіссөздер барысында Сауд Арабиясы секілді мұнай өндіруші елдер өз ұстанымдарын қорғап бақты. Пленарлық отырыста Панама мен Маршалл аралдары да құжаттың соңғы нұсқасына ресми түрде қарсылық білдірді. Ұлыбритания мен Норвегия да сын айтты. Өйткені биыл Еуропаның өзінде аптап ыстықтан ондаған мың адам жан тапсырып, жаһандық жылыну жойқын табиғи апаттарға әкелді. Бұл тұста конференция төрағасы БҰҰ жүйесінде шешімдер тек консенсус негізінде қабылданатындықтан Брюссельдің қарсылығы бүкіл саяси келісімдер пакетін қабылдауға кедергі келтіріп отыр, дейді.
Мұрат Құрым, COP31 конференциясының төрағасы:
- Келіссөздерді қолдап, ымыраға келуге тырысқан барлық елге алғысымды білдіремін. Өкінішке орай, кей тараптар бір ғана тұжырымға шамадан тыс назар аударып отыр. Біз ғылыми жобалар мен қаржыландыруға қатысты бірнеше шешім ұсынған едік. Өз тарапымыздан қолдан келгеннің барлығын.
Былтыр Бразилияның солтүстігіндегі Белен қаласында өткен COP30 конференциясында мемлекеттер 2035 жылға қарай климаттың өзгеруіне бейімделуді қаржыландыру көлемін үш есе арттыруға келіскен еді. Биыл жарияланған құжаттың алғашқы нұсқасында оның көлемі жылына кемінде 120 млрд АҚШ долларына жетуі тиіс екені көрсетілген болатын. Бірақ түзетулерден кейін 19 қарашадағы нұсқада нақты қаржыландыру сомасы алынып тасталды. Алайда кей тараптар қарсылық танытқандықтан қорытынды құжат қабылданбады.
ЦИТАТА: Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы
COP31 конференциясының ортақ шешімсіз аяқталғаны өкінішті. "Климаттық дағдарыс жағдайында мемлекеттер өз жауапкершілігін тиісті деңгейде атқарады", - деп күткен едік. Қазба отындарын пайдаланудан кезең-кезеңімен бас тарту мәселесі бойынша тараптар алғаш рет Дубайда өткен COP28 конференциясында келіскен еді. Ендігі міндетіміз – бұл үдерісті жеделдету, оны қаржыландыру және нақты нәтижелерге қол жеткізу екенін еске салғым келеді.
Сонымен Анталиядағы келіссөздер екі аптаға жуық уақытқа созылып, 20 қараша күні аяқталуы тиіс болған. Алайда келіссөздер жоспарланған мерзімнен 40 сағаттан астам уақытқа созылды. Десе де, Анталия шаһарында өткен жиында ортақ пактіні талап етпейтін бірнеше ауызша келісім жасалды. 80 мемлекет оң көзқарас танытқан бастамалардың бірі “35-ке 35” жобасы. Жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай тұтынатын электр энергиясының үлесі 35 пайызға жетуі тиіс. Бұл мақсатта көлік, өнеркәсіп кәсіпорындары мен ғимараттарды электр энергиясына көшіру көзделген. Аталған уағдаластықтар ерікті сипатқа ие және заңды тұрғыдан бекітілмеген. Сондықтан электр энергиясына қатысты негізгі мәселе әзір нақты шешімін таппай отыр. Бұл тақырыпты мемлекеттер келер жылы қарашада Эфиопияның Аддис-Абеба қаласында өтетін кезекті климаттық саммитте қайта талқылауы тиіс.
Авторы Нұрбике Жігер