Бразилиядағы дауылдан 20 мыңға жуық адам үйін тастап кетті
Бразилияның оңтүстігінде соққан дауыл салдарынан 20 мыңға жуық адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды 24KZ.
Табиғи апат, әсіресе Риу-Гранди-ду-Сул штатындағы шағын қалаға үлкен зардап әкелген. Онда 8 мың үй қирап қалды. Бұл туралы Халықаралық көші-қон ұйымы мәлімдеді. Зардап шеккендер жақындарының үйіне, сондай-ақ қоғамдық баспаналарға орналастырылды. Кейінгі мәлімет бойынша, қолайсыз күн райынан бес адам қаза тауып, 260-тан астамы жарақат алған. Желдің екпіні кей сәттерде сағатына 114 шақырымға дейін жетті. Қазір өңірде су мен электр жарығын беру жүйесі бұзылған. Құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Апат салдарын жоюға штат билігі млн доллардан астам қаржы бөлді.