Кувейт әуе шабуылына ұшырады

Кувейтте екі италиялық қаза тапты. Дрондар радиолокациялық жүйелерді көздеді деген хабар бар. Бұл әрекетті Араб мемлекетінің қорғаныс министрлігі Ираннан көріп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Десе де ресми Тегеран бұл жаққа қарата ешқандай шабуыл болмағанын айтады. Айыптауды жоққа шығарып отыр.

Рауан Мыңбай, тілші:

– Кувейт кейінгі он күнде екінші мәрте әуе шабуылына ұшырады. Бұл жақта да нысанаға Бахрейндегі тәрізді радиолокациялық жүйелер іліккен. Елдің Қорғаныс министрлігі жазықсыз жандар жапа шекті деп отыр. Қаза болғандардың екеуі – италиялық.

Стратегиялық нысанда жөндеу жүргізіп жатқан сәтте ауыр жараланып, көмек келгенше көз жұмған. Одан бөлек, тағы төрт адам жараланды. Қазір ауруханада ем алып жатыр. Мәліметке қарағанда, Кувейт әскері Иранның ұшқышсыз ұшу құрылғыларын әуе кеңістігінде жойған. Бірақ қалдықтары қауіпсіз жерге емес, нысанның тура аумағына түсіп, жарылысқа себеп болған. Артынша біраз дүние-мүлік қирады деген де дерек бар. Ел билігі дрон соққысын ислам мемлекеті тарапынан жасалған «сұмдық агрессия» деп сипаттады. Ал ресми Техран бұл айыппен келіспейді. Шабуылға еш қатысымыз жоқ деді. Қажет болса, бірлескен тергеу жүргізіп, жағдайдың ақ-қарасын ажыратуға әзір екенін аңғартты. Жалпы АҚШ-Иран қақтығысының қайта өршігеніне осымен тоғызыншы күн. Осы аралықта Пентагон Таяу Шығыстағы қуатты армиясымен Кешм аралына, ал ислам сақшылар корпусы шығанақтағы америкалық нысандарға қайта соққы жасай бастады.

Кувейт пен Бахрейнде бес мәрте дабыл қағылды. Ирандықтар өз әрекетін Ормуз бұғазындағы теңіз құрсауына қарсы қорғаныс амалы деп түсіндірді. Өйткені ислам мемлекеті үшін су жолы әлі де жабық. Құрама штат қоршауды босатар емес. Есесіне бұғазда күніге бір танкерден минаға түсіп жарылып жатыр.

Арадағы келіссөздердің қайта жанданатын түрі көрінбейді. Оны жалғастыруға Қатар мен Оман барынша тырысып әлек. Алайда екі жақтың келіскеннен гөрі керіскені көп. Мұны өңірдегі осы күнгі жағдай анық аңғартып тұр.

Автор: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: