«ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында «Кремний алқабы» бұрышы ашылды

Оған еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты. «Кремний алқабы» бұрышы Үкімет тапсырмасына сәйкес әзірленіп отыр әрі Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға да септігін тигізеді.

Мұнда әлемнің үздік компаниялары өз стартаптарын таныстыруға мүмкіндік алады. «ЭКСПО көрмесінен кейін де бұл орын жұмысын жалғастырады», – деді Дәурен Абаев. Мұнда таныстырылған жобалар қоғам үшін қажет. Мәселен, әлеуметтік карта атты жаңа бағдарламаны IT мамандар қазір елорда тұрғындарына сынап көріп жатыр.

Әсел Жиенбаева, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрайымы:

-ЭКСПО аясында Кремнилі алқап бұрышын ашып отырмыз. Біз осы арқылы әлемнің жетекші компанияларымен әріптестік диалог жүргізуді  жалғастырамыз. Бұл іске АҚШ-та сәуір айында жол ашылып, бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылған болатын.