Бейжің АҚШ-ты «Бір Қытай» принципін сақтауға шақырды

Бейжің АҚШ-ты «Бір Қытай» принципін сақтауға шақырды

АҚШ «Бір Қытай» және Тайваньға қатысты «үш қағида» принциптерін сақтауы тиіс.

Қытайдың сыртқы істер министрілігі осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Бейжің АҚШ Мемлекеттік департаментінен Тайваньға әскери, дипломатиялық және экономикалық қысым көрсетуді тоқтатуды сұраған. Global Times басылымының мәліметі бойынша өткен демалыс күндері Қытай күштері Тайвань аралының оңтүстік-батыс әуе кеңістігінде әскери оқу-жаттығу өткізген. АҚШ соңғы уақытта бұл аймақпен қарым-қатынасты күшейткен. Американың ресми өкілдері Тайбэйге сапарлап, қару-жарақ жеткізген. Ал биыл қаңтар айының басында Вашингтон Тайваньмен ынтымақтастық бойынша барлық ішкі шектеулерді алып тастап, алғаш рет осы аймақ өкілдерін президентті ұлықтау рәсіміне шақырды. Бейжіңнің Тайвань бойынша ұстанымы болса өзгеріссіз. Қытай бұл аймақты өз елінің бір бөлігі деп санайды. Сондықтан Бейжің Вашингтоннан Тайваньмен кез келген байланысты тоқтатуды сұрап отыр.

Чжао Лицзянь, Қытай СІМ ресми өкілі:

– Біз АҚШ-ты «Бір Қытай» және Қытай-Америка мәлімдемесіндегі Тайваньға қатысты үш қағиданы сақтауға шақырамыз. Вашингтон Қытай-Америка қарым-қатынасы мен Тайвань бұғазы аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтірмеу үшін Тайваньға қатысты қате нұсқау көрсетпеуі керек.