Будапештте халық биліктің шектеу шараларына қарсы ереуілге шықты

Будапештте халық биліктің шектеу шараларына қарсы ереуілге шықты
Human Rights Watch

Наразы жұрт үкіметтен мейрамханалар мен барларды ашуды талап етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері нәпақасыз қалғанын айтады. Ашуға бой алдырғандар мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмек күнкөріске де жетпейтінін жеткізді. Естеріңізге салайық, таяуда жергілікті билік аймақтағы ұлттық локдаун мерзімін наурыздың 1-іне дейін ұзартты. Бүгінде елдегі барлық азық-түлік емес дүкен мен қоғамдық тамақтану орындары жабық. Ал карантин ережелерін бұзғандар үшін жаза күшейтілетін болды.

Кристиан Балико, мейрамхана иесі:

– Мейрамханалар 4 ай бойы жабық болды. Мемлекеттен бөлінетін субсидияны қайда жеткізетінімізді білмейміз. Жұмыс істеуге де мүмкіндік жоқ. Дөңгелетіп отырған кәсібімізді қалайша амал алып қаламыз?

Перудің Лима қаласында да 250-ге жуық тұрғын наразылық акцияға шықты. Жиналғандар үкіметтің коронавирус індетіне қарсы қолға алған шараларымен келіспей отыр. Екі аптаға ұзартылған жаңа шектеулер Лимадан басқа тағы 10 ауданда жарияланды. Айта кетейік, бүгінде Перуде індеттің ілмегіне іліккендердің саны 1 млн-нан асса, 40 мыңнан астам науқас осы кеселден көз жұмды.

Люсия Санчес, жергілікті тұрғын:

– Жұмыссыз қалғандардың жай-күйін жақсы түсінемін. Мен жалғызбасты анамын. Бес балам бар. Пандемия басталғалы әбден қиналып қалдық. Алдағы күніміз не болатынын түсінсем бұйырмасын.

Карантиндік шектеулерге Бельгия жұрты да қарсы.

Тұрғындардың ұйымдастырған наразылық акциясынан кейін 200-ге жуық адам қамауға алынды.

Айта кетейік, елде енгізілген қатаң шектеу шаралары мен коменданттық сағат әлі де күшінде. Ел тұрғындары маска тағып жүруге міндетті.