Шри-Ланкаға барған шетелдік азаматтар саны бойынша Қазақстан бірінші орында

фото: gotur.kz

Жер-жаһанды коронавирус індетінің жаңа толқыны басып, ковидтің жаңа штамдары шығып жатқанына қарамастан, көптеген ел шетелдік азаматтар үшін әуе қақпалары мен шекарасын аша бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық туристерді де бірнеше ел асыға күтіп отыр. Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, биыл ел азаматтары Түркиямен ғана  шектелмеуі мүмкін.

Қазақстандықтар үшін тағы қандай елдер ашық?

Көктемгі туристік маусымды өз елінде өткізуге шақырып отырған мемлекеттер қатары жетерлік. Қазақстандықтар Грузиядан бастап Африкаға дейін бара алады.

Жыл сайын миллиондаған қазақстандық шетелге саяхатқа шығады. Пандемияға дейін солай болды. Былтыр әлем елдерінің барлығы шекарасын жауып тастады. Сөйтіп, жаһандық туризм әп-сәтте тоқырауға ұшырады. Миллиондаған адам өзін қамап тастағандай сезінді. Бірақ соңғы уақытта жағдай біртіндеп оңалып келе жатқандай көрінеді. Олай дейтініміз, індетке қарамастан, қазақ жиһанкездері үшін барар ел, көрер жер көбейіп жатыр. Мәселен, наурыздың бірінен бастап қазақстандық туристер қайтадан Грузияға бара алады. Бірақ тек ұшақпен ғана. Өйткені теңіз бен автокөлік жолдары әзірге жабық. Сақтық мақсатында шетелдік туристерге қойылатын талаптар да жоқ емес. Мәселен, Грузия аумағына өту үшін жиһанкез азаматтар шекарада бірқатар құжат ұсынуы керек.

Марина Нарчемашвили, Грузия СІМ баспасөз хатшысы:

- Қазақстан мен өзге де елдерден келетін қонақтар шекарада теріс нәтижелі ПТР-тест анықтамасын ұсынулары қажет. Ол соңғы 72 сағат ішінде жасалған болуы тиіс. Осыдан кейін Грузия аумағына өткен шетелдік саяхаттаушылар 3 күннен соң тағы да тестілеуден өтуі керек болады. Оны туристер өз қалтасынан төлейді. Аталған талаптардан бөлек, қазақстандықтар Грузияға келмес бұрын арнайы мемлекеттік сайт пен Грузияның сыртқы істер министрлігі порталында сауалнама толтыруы қажет. Онда соңғы 14 күн ішінде жасалған сапарлар көрсетілу керек. Егер осы уақыт аралығында азамат Ұлыбританияға барған болса, ол Грузияда 12 күндік карантинге жатқызылады.

Қазір туроператорлар мен гидтер шетелдік азаматтарды қабылдауға қызу дайындалып жатыр. Жиһанкездерді қарсы алатын қонақ үйлер де әзірлік үстінде. Тақауда ғана гүржі жерінде тау-шаңғы шипажайлары мен музейлер қайта ашылғанды. Барлық жерде маска тағу режимі сақталған. Ал қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау міндетті.

***

Түркияда биыл туризм маусымы сәуір айында басталады

Ел азаматтары көбінесе Түрік елінің демалыс орындарын таңдайтыны мәлім. Отандастарымыз 2020 жылы пандемия кезінде де Жерорта теңізінің жағалауынан бас тартқан жоқ. Былтыр табысынан қағылған Түркияның биылғы жоспары қандай? Сақтық шаралары қосымша қаражатты талап ететіні белгілі. Бұл жағдай демалыс орындарының бағасына әсер ете ме?

Меруерт Қанағат, тілші:

- 2020 жыл туризмде дағдарыс жылы болды. Мәселен, былтыр Түрік туризмі, пандемия мен доллар бағамының күрт өсуіне байланысты жоспарлаған 70-80% турист пен табысынан қағылды. Бір ғана Ыстамбұлдың өзі 2020 жылы 10 миллион туристті жоғалтыпты. Әрине, түрік үкіметі былтыр «Қауіпсіз туризм» бағдарламасын іске қосты. Дегенмен, барлық қонақ үйлер бұл талаптарды дер кезінде орындап, істі бастауға үлгермей қалды. Биыл демалыс орындарының «Қауіпсіз туризм» бағдарламасы әзірлігіне уақыт жеткілікті. 2021 жылдың маусымын Туризм және мәдениет министрлігі «сәуір айында бастаймыз» деп мәлімдеді. Бағасы жайлы нақты ақпарат жоқ. Бірақ мұражай мен басқа да мәдени орындарға билет құны 20%-ке қымбаттады. Мұны мамандар жылдағы тарифтік өсім, бағаның қымбаттауы емес деп түсіндіріп отыр. Десе де, әуе билеттерінің құны бұрынғыға қарағанда жоғары. Мұны жергілікті үкімет чартерлік рейстер арттыру арқылы шешуді жоспарлап отыр.

Диктор:

- Түрік елінд, коронавирусқа қарсы халыққа жаппай екпе егу басталғанына біршама уақыт болғаны мәлім. Осы туризм саласының қызметкерлеріне вакцина салу жоспарда бар ма? Бір айдан кейін маусым басталады екен.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Иә, қазірге дейін 7 миллионнан астам кісіге вакцина салынды. Алдын ала пысықталған жоспарда туризм саласының қызметкерлері жоқ. Дегенмен, туризм саласының мамандары, демалыс орындарындағы жұмысшыларға маусым алдында екпе егілуін талап етіп отыр. Олардың сөзінше, бұл түрік туризміне үлес қосып, сенімді арттырмақ. Тіпті кейбір саяхат агенттіктері ақылы вакцинаға рұқсат беруге өтініш білдіріп отыр.

Диктор:

- Еліміздің азаматтары Түрік еліне барарда нені ескеруі тиіс?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияға сапарлап баратын 6 жастан үлкен барлық жолаушылардан коронавирусты жұқтырмағандығы жөнінде ПТР-тест талап етіледі. Анықтама нәтиже берілген күннен бастап Түркия шекарасын кесіп өткен сәтке дейін үш тәулік (72 сағат) ішінде жарамды. Ережеден тек қана транзиттік және 6 жастан кіші жолаушылар босатылған. Сосын өзге елге шықпас бұрын медициналық сақтандыру жасатқан жөн. Оның құрамында ковидті емдеу бар ма, соны тексеріп алған абзал. Айтқандай, Түркияның барлық жерінде маска тағуға міндетті. Әйтпесе, 150 доллар көлемінде айыппұл төлеу қажет. Демалыс күндеріне арналған коменданттық сағаттан туристер босатылған. Келмес бұрын баратын шаһарыңыздың ережелерімен таныс болу артықтық етпес.

***

Қазақстандықтар арасында ең танымал бағыттардың бірі – Дубай. Туристерді бұл елде жыл бойы жылы климат, әсем қала, есте қалар джип-сафари, ірі сауда орталықтарындағы қалағаныңды тауып беретін шопинг қызықтырады. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты елге келушілерге қойылар бірқатар талап бар. Олар мынадай: 2021 жылдың 31 қаңтарынан бастап Дубайға бет алған барлық жолаушылар ПТР-тесттің теріс қорытындысы бар анықтаманы көрсетуге міндетті. Сынама 72 сағаттан аспауы керек. 12 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ орташа және ауыр дәрежедегі мүгедектер тесттен босатылған. Сонымен қатар жолаушының қолында медициналық сақтандыру полисі болуы шарт. Ол туристтен коронавирус табылған жағдайда емдеу шығындарын өтеуге көмектеседі.

***

Мысыр елі де теңіз жағасында демалуды қалайтын қазақстандықтар үшін қызықты болып тұр. Қазіргі кезде бұл – ең көп жолдама сатылып жатқан бағыттың бірі. Египеттің туризм министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, осы айда бұл елге 5 мыңдай қазақстандық жол тартады екен. Себебі бағасы қалта көтерерлік. Сөзімізге дәлел болсын, биыл Хургадағы қонақ үйлердің жартысынан астамы бағаны 30-40%-ке дейін түсіруге дайын екен. Осылайша қонақ үйлер карантин кезіндегі шығындарын ақтауға тырысып жатыр.

Далида Марвиш, заңгер:

- Хургада тәуекелге бел буып отыр, мұндағы қонақ үйлердің жартысынан көбі бағасын мүмкіндігінше төмендетеді. Бұл жеңілдіктер маусым айына дейін жалғасады деп ойлаймын. Кәсіпкерлер туристерді тарту үшін бар күшін салады. Ал бұған жетудің бірден-бір жолы – бағаны арзандату. Шынын айтсақ, бұл ва-банк ойынына ұқсас, көптеген мейманхана банкрот алдында тұр, десе де, соңғы рет тәуекелге дайын.

***

Биыл Шри-Ланкаға қыдырып барып жатқандар да көп. Қолда бар мәліметке сәйкес, аралға келген шетелдік азаматтар саны бойынша Қазақстан тіпті бірінші орында тұр. Өткен айда Шри-Ланкаға бас-аяғы 3300 адам келсе, соның 36%-і жерлесіміз екен. Тура жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, індет пен елге кіру талаптарына қарамастан қазақстандық туристер ағыны 83%-ке артыпты.

***

Жанды рахатқа батырғысы келетін қазақстандықтар үшін бүгінде тағы бір аралдың есігі ашық. Ол – Мальдив аралдары. Бірақ саяхат тосын жағдайларға соқтырмауы үшін мұнда да сақтық шараларын сақтауға тура келеді. Яғни міндетті түрде ПТР-тесттің теріс қорытындысы бар анықтама болуы тиіс. Тіпті бір жастан асқан баланың өзінде. Және ол ағылшын тілінде толтырылуы шарт.