Израильде кезектен тыс парламенттік сайлау өтіп жатыр

Дауыс беру құқығына ие 6,5 миллиондай ел тұрғыны Кнессет депутаттарын сайлауға тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үгіт-насихат науқанын өткізуге коронавирус індеті елеулі кедергі келтірген.

Сағат таңғы жетіде Израильде 13865 сайлау учаскесі ашылды. Коронавирусқа байланысты сайлаушылар бетперде киіп, арақашықтық сақтауға тиіс. 751 сайлау учаскесі коронавируспен ауырған науқастар мен оқшауланған азаматтар үшін арнайы жабдықталған. Кей жерде автокөліктен шықпай-ақ дауыс беруге болады.

Амир Пучански, сайлаушы:

- Тәуір үкімет сайлап, ақыры саясатпен емес, экономика және әлеуметтік мәселелермен айналысып, індеттен кейін тұрмысымызды ретке келтіре бастаймыз деген үміттемін. Саясаттан әбден жалықтық.

Парламенттегі 120 орынға 37 партия дәмелі. Болжам бойынша олардың көбісі 3,5% дауыс межесінен өте алмайды. Басты үміткер ретінде 3 партия қарастырылып отыр. Ол қазіргі премьер басқаратын «Ликуд», бұрынғы қаржы министрі Яир Лапид жетекшілік ететін «Еш Атид» және орыс тілді сайлаушыларды біріктірген Авигдор Либерманнның «Біздің үй – Израиль», партиялары. Заңға сәйкес үкіметті жасақтау үшін сайлаушылар дауысының жартысынан көбін жинау қажет. Алайда Израиль тарихында әлі бірде-бір партия мұндай нәтижеге жеткен жоқ. Яғни, коалиция құруға тиіс. Ал бұл болашақ үкіметтегі қызметтерді бөлісу жөнінде ұзаққа созылатын келіссөздер өтетінін білдіреді. Жалпы Израиль – Таяу Шығыстағы шағын мемлекет, халық саны 9 миллион.

Айта кетерлігі, кейінгі екі жылда Израильде төртінші рет сайлау өтіп жатыр. Әлеуметтік сауалнамалараға қарағанда, бұл жолы да тұрақты коалиция құрылатын түрі жоқ. Яғни көп ұзамай үкімет қайта ыдырап, қайта сайлау өткізуге тура келеді.

Авторы: Сергей Ауслендер