Ұзаққа созылған карантин халықты әбден қажытты – неміс психологтары

Мамандардың бұл сөзінің жаны бар.

Себебі бұл елде жасы 60-тан асқан 8 миллионға жуық жалғызбасты қария өмір сүреді. Шүйіркелесіп, шер тарқатқанға жанында ешкім жоқ. Індет кезінде бұл мәселе тіптен барлық жастағы адамдар үшін өзекті болып тұр. Осы күрмеуді шешу үшін қоғам белсенділері түрлі қарекет қылуда.

Мейрамханалардың жабылуы, кейінге қалған сапарлар, жақын-жуықпен, дос-жаранмен  кездесудің сиреуі. Осындай келеңсіздіктер адамдардың жүйкесіне салмақ салды. Немістер ковидтің бірінші толқынын жеңіл қабылдаған еді. Бірақ кейінгісі ауыр тиіп, тұрғындардың сіркесі су көтермейтін болған. Карантиндегі жалғыздық пен стресс елді әбден қажытқан. Солардың бірі – Анна Тейлор. Ол ата-анасынан бөлек тұрады. Бойжеткен туыстары мен достарын айлап көрмегенін айтады.

Анна Тейлор, Берлин тұрғыны:

– Жұмысыңды, табысыңды, достарыңызды жоғалтып алуың мүмкін деген үрей әбден иектеп алды. Көп уақыт оқшауланған соң, тіпті өзімді де жоғалтып алғандаймын. Немен айналысқым келетінін де білмей қалдым. Стресс қаржылық қиындықтар да алып келді.

Жастар ғана емес, егде адамдар да күйзеліске түскен. Балалары мен немерелерін бірнеше ай бойы көрмеген қариялар бар. Жалғызбастыларға тіптен қиын. Бас қосып шүйіркелеспек түгілі, жеке психологтың қабылдауына жазылуға тыйым салынған. Осындай сәтте бұрын ұстаздық еткен зейнеткерлер жиылып, әңгіме-дүкен құратын арнайы орын ашты. Логотипте құлақтың суреті тегіннен тегін тұрған жоқ.

Харальд Хюттман, жобаны жасаушы:

– Бізге Берлиннің түкпір-түкпірінен түрлі адамдар келеді. Жақында бір жігіт келді. Анонимді түрде әңгімелесуге болатынын көріп, жерден жеті қоян тапқандай қатты қуанды. Бізге келген адамдар көтеріңкі көңіл-күймен кетеді. Осыған өзім де риза боламын.

Идея авторлары былтыр желтоқсанда Германияда қатаң локдаун жарияланған кезде адамдарға көмектесейік деген шешім қабылдаған. Сөйтіп олар келген адамдарды тыңдаумен айналысты. Содан бері осында аптасына 2 рет келетін адамдардың үлкен шоғыры қалыптасты.

Марианна Рэтч, жобаны жасаушы:

– Жұмысынан, әйелінен, денсаулығынан, жақындарынан айырылғандар өте көп. Қаншама қайғылы әңгімелер естідім. Ойымды айтқым келгенде, түрлі сұрақтар қоямын. Адамдар ақыл-кеңеске мұқтаж. Індет аяқталса да, біз енді осы жұмысты жалғастыра бермекпіз.

Немістер локдаунның тез аяқталғанын тағатсыздана күтіп жүр. Бірақ әзірге эпидахуал ушығып тұр. Үшінші толқынға байланысты енгізілген шектеулердің қашан алынатыны да белгісіз.

Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева