Британияда жасы қырықтан асқан адамдарды вакциналау басталды

Ұлыбританияда жасы 40-тан асқан адамдарға екпе егу басталды. Бұған дейін тек егде жастағылар және медицина қызметкерлері вакциналанған болатын. Қамал алар жастан асқан біздің лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы да өзінің алғашқы екпесін алды. 

Бұл Лондондағы сауда орталықтарының бірінің кіреберісі. Вакцина алуға ниетті халық әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, ұзын-сонар кезекте тұр. Сауда орынының қызметкерлері онлайн тіркелген номеріңді тексеріп кіргізіп жатыр. Ғимарат іші де адамға лық толы. Келушілер дәрігерлерден аллергиялық сырқаттар мен вакцинаның жанама әсерлері бойынша сан сауалға жауап алғысы келеді.

Нилу Кешвардс, дәрігер:

- Негізі бүгін екпе алғаннан кейін 3 аптаның ішінде иммунитетіңіз шамамен 80 процентке, ал 12 аптадан кейін екінші дозадан соң 94 процентке дейін нығаяды. Көп жағдайда ине шаншылған жердің сыздауы, бас ауруы, жүрек айнуы мүмкін. Сирек жағдайларда бас айналып, әлсіреу, жүрек соғысы өзгеріп, сондай-ақ ерін, бет, тіл немесе тамақ ісінуі ықтимал. Ол кезде дереу жедел жәрдем шақыру керек.

Екпе алушының вакцина таңдау мүмкіндігі жоқ. Өйткені Ұлттық денсаулық сақтау қызметі вакциналарды елге сырттан жеткізілу кезегіне қарай салады. Мәселен, маған американдық «Модерна» бұйырды. Бұдан бөлек бүгінде Ұлыбританияда «Пфайзер/Байонтек» және «Астра/Зенека» препараттары ресми мақұлданған. Сәлден кейін медбике мені өз бөлмесіне шақырып, вакцина салуға кірісті. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Екпе егілгеннен кейін бірер минут ішінде вакцинаның кері әсері сезілсе, 15 минут күте тұру керек. Бірақ бұл өте сирек құбылыс дейді мамандар. Медицина қызметкерлері мұндай жағдайларға тас-түйін дайын екен. Менде де бәрі ойдағыдай өтті. 12 аптадан кейін екінші екпемді алуға да дәл осы жерге келемін. 

Екінші екпені алу үшін неліктен 12 апта күту керегін мамандар былай түсіндіреді. Әуелі иммунитетті күшейтетін вакцинаның бірінші дозасымен мүмкіндігінше көп адамды қамтамасыз ету керек. Бүгінде Ұлыбританияда вакциналау науқаны өте қарқынды жүріп, Еуропада көш бастап тұр. Ересектердің 52 проценті бірінші, 25 проценті қос дозасын алып үлгірген. 

Ұлттық статистика кеңсесінің мәліметтерінше, Англияның өзінде сәуір айының аяғына қарай орта есеппен 1010 адамға шаққанда тұрғындардың біреуі ғана ковид жұқтырған. Бұл өткен жылдың қыркүйегінен бергі ең төменгі көрсеткіш. Дерт өршіген қаңтар айында 51 адамның біреуі індеттің ілмегіне ілінген болатын.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Менің ойымша, бұлай жалғаса беретін болса, коронавирустық шектеулерді бұған дейін жоспарлағандай 17 мамырда жеңілдетеміз. Ал 21 маусымда қазіргі «бір метр плюс» әлеуметтік ара қашықтықты алып тастауымыз да әбден мүмкін.

Бүгінде екпе алу үшін жастардың кезегі әлі келмегенін айтып кету керек. Ал жуық арада елде халықаралық сапарларға рұқсат берілгелі отыр. Аурудың жаңа штамдары шекара асып, кіріп кету қауіпі бар, деп алаңдайды мамандар.

Автор: Ғалымжан Қараманұлы