Covid-19: Германия билігі шетелге шықпауға нұсқау берді

Covid-19: Германия билігі шетелге шықпауға нұсқау берді

Германия үкіметі халықты коронавирустың қауіпті штамдары тараған елдерге бармауға шақырды.

Немістер, әсіресе Португалияға көп барады. Алайда онда қазір эпидахуал ушықты. Науқастардың 60 проценті дельта штамын жұқтырған. Ал Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 96%-ке жетті. Сондықтан Германия әуежайларында бақылау күшейді. Португалия, Ұлыбритания және вирустың мутациялары тараған тағы 14 елден ұшып келгендер екі аптаға оқшаулануы тиіс. Бұл екпе салғандарға да, ауырып шыққандарға да міндетті шарт.

Штефан Зайберт, Германия үкіметінің ресми өкілі:

– Ұлыбритания және Португалияда науқастар мен ауруханаға жатқызылғандар саны күрт артқанын байқап отырмыз. Бұл дельта штамы секілді вирустың жаңа түрлеріне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан мутация тіркелген елдерге бармауға кеңес береміз.

Осы ретте Германияның ең ірі туроператоры Португалияға тур сатуды тоқтатты. Жалпы Германияның туризм саласы қалпына келе бастады. Соңғы сауалнамаға қарағанда, немістердің 64%-і биыл жазда саяхаттауды көздеп отыр. Алайда эпидахуалдың тұрақсыздығына байланысты көбі жергілікті шипажайларда демалуды ұйғарған. Тек 15%-і шетелге баруды көздеп отыр.