COVID-19: әлем елдерінде ахуал қалай

Жаһан жұрты коронавируспен күресте дәрменсіз. Ауру саны күн сайын көбейіп барады.

Ал дерттің алдын алуға бір есептен антиваксерлердің әрекеті мұрша бермей тұр. Қауіп болса күшейіп барады. Қазір әлемді айтпағанның өзінде, көрші Ресейде осы коронавирустан бір күнде 785 адам қайтыс болған. 

Флорида коронавирустың таралуының аса қауіпті ошағына айналып барады. Түнеугүні ғана дәл осы штатта 21 мыңнан астам адамнан Ковид-19 анықталды. Яғни бүкіл Америка бойынша вирус жұқтырған әр бесінші адам флоридалық деген сөз. Ал ел билігі азаматтарды тезірек иммундауға ұмтылғанмен, антиваксерлердің қарсылығы кедергі болып тұр. Бүгінде Құрама Штаттарда 100 миллионға жуық америкалық екпе қабылдамаған. Қауіпті топтағылар да дәл солар болып тұр.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас инфекционист дәрігері:

- Вакцина алып, қайта ауырып қалған азаматтарда көбіне ауру белгілері байқалмайды әрі жеңіл өтеді. Ал екпе қабылдамағандарға қатысты жағдай мүлдем басқа. Оның үстіне олардың саны да өте көп. Бұл азаматтарға вирус жұқса, жағдайлары нашарлап төсек тартып қалулары әбден мүмкін. Соңғы уақыттары ел арасында инфекцияға шалдығу деректері артып барады. Сондықтан екпе алмаған тұрғындардың бәрін тез арада вакцина қабылдауға шақырамын.

Коронавирус соңғы жетіде жапон жұртын қыспаққа алды. Тек өткен тәулікте қауіпті инфекция 12 мыңнан астам адамнан анықталды. Бұл індет басталғалы болмаған көрсеткіш. Мұндай жағдай соңғы бір аптада бірнеше рет жаңарды. Эпидахуалдың нашарлауына байланысты Қазір Токио қаласында төтенше жағдай режимі орнаған.

БЛИЦ:

- Вирус жұқтырып жатқандар көбейіп барады. Өзім вакцина алсам да, әлі күнге дейін қатты алаңмын. Өйткені көше кезіп жүріп, адамға лық толы мейрамханаларды көресің.

- Жұрт төтенше жағдай режимінен әбден шаршады. Өйткені мұндай уақытта нақты немен айналысатыныңды жоспарлау қиын.

Ресейде де тәуліктік көрсеткіш көңіл көншітпейді. 23 мың адам коронавирус жұқтырған. 785 адам қайтыс болды.