Әлемде вакцина екпегендерге қандай жаза қолданады?

Әлем елдерінде вакцина салдырмағандарға түрлі шара қарастырылып жатыр.

Италия мен Францияда қоғамдық тамақтану орындары мен халық көп шоғырланатын мекемелерге кірер алдында  санитарлық төлқұжат көрсету міндет. АҚШ-тың Нью Йорк қаласында да осындай талап. 

Италияда вакцинаны дәлелдейтін сертификаттың қолданыс аясы кеңейе түспек. Бірінші қыркүйектен бастап Green Pass деп аталатын құжатты ұшақ, поезд, паром мен автобустың ішінде, сонымен қатар, бассейн, спортзал, кино, театр мен стадиондарға кірер алдында көрсету керек. Сертификат университеттерде оқитын студенттер үшін де қажет. Жоғарғы оқу орындарының қызметкерлері де міндетті түрде екпе алады.

Вакцинация паспортын алғашқылардың бірі болып енгізген Франция еді. Бұл арқылы тұрғындар қоғамдық орындарға еш кедергісіз кіреді. Алайда биліктің бұл шешіміне қарсы шыққандар аз болған жоқ. Енді санитарлық талап заң жүзінде өз күшіне енбек. Тамыздың 9-ынан бастап француздар вакциналау төлқұжатынсыз аурухана, қоғамдық көлік пен өзге де қоғамдық орындардың қызметін пайданлана алмайды. 

Нью-Йорк тұрғындары қыркүйектің 13-інен бастап мейрамхана , спортзал мен өзге де ғимараттарға кіру үшін вакцина алғанын дәлелдейтін құжатты ұсыну  керек. Бүгінде жергілікті халықтың 60 проценті екпенің бірінші дозасын қабылдаған. Алайда тұрмыс деңгейі төмен өңірлерде вакцина салдырғандардың саны әлі де аз.

Билл Де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

Биліктің қолға алған шарасы халықтың екпе қабылдауына түрткі болады. Басты мақсат тұрғындардың барлығы екпе алып, вирустың дельта штамын тоқтату. Сондықтан ойланбастан дәл қазір шешім қабылдаған жөн.

Ал Америкалық «Си-Эн-Эн» телеарнасы коронавирусқа қарсы вакцина cалдырмаған 3 қызметкерін жұмыстан шығарды. Компания президенті Джефф Цукер вакцинаны міндетті түрде алу керек деген талап қойған. Қызметкерлер препарат қабылдағанын дәлелдейтін анықтама көрсетуге тиіс. Қазір телеарна ұжымының жартысы қашықтан жұмыс істейді. Олар 7 қыркүйекте толықтай кеңсеге оралуы керек болатын. Бірақ індетінің өршуіне байланысты аталған мерзім қазан айының ортасына дейін ұзартылды.