Пандемия және табиғат апаттары: әлем елдерінде туризм тұралады

Әлемнің бірқатар елінде туризм саласы тұралап тұр.

Жер жаһанды жайлаған пандемия мен табиғат апаттары экономикалық құлдырауды білмейтін саланы әбден есеңгіретіп тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таиланда саяхатшылардың қарасы азайса, Түркияда ырық бермей тұрған орман өртінен аймақтағы демалушылар үйлеріне қайтуға мәжбүр. Ал, Сочиде вакцина қабылдамағандар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеп жатыр.

Әдетте туристерге лық толы Бангкок сарайы мен сауда-саттық аудандары бүгінде тым-тырыс. Бұған аймақтағы эпидахуалдың ушығуы себеп. Жергілікті биліктің туристер үшін қатаң карантиндік шектеулер енгізуі аймақтағы шағын бизнестің жұмысын тұралатты. Бұрын мейрамханалар күніне 2 мың доллар пайда көрсе, қазір көк тиында жоқ. Салдарынан көптеген қызметкерлер жұмысынан айырылды.

Рыдеван Тхапюл, кәсіпкер:

- Мына көрікті жерлерге көбінесе туристер келетін. Арасында қытайлықтар көп еді. Қазір біреуі де жоқ. Індет бәрімізге де ауыртпашылық түсірді. Сонда да күнде жұмысқа келеміз. Одан басқа амал жоқ.

Пандемияға дейін Таиландтың туризм саласы елдің жалпы ішкі өнімінің 20%-ін құрайтын. Енді сарапшылар бұндай көрсеткіш жақын арада болмайтынын айтады. Егер 2019 жылы туризмнен 100 млн доллар, ал былтыр 30 млн доллар кіріс кірсе, биыл бұл сома одан да аз болады деген болжам бар.

Түркияда ырық бермей тұрған орман өрті туризм саласына кесірін тигізді. Қызыл жалын өршіп тұрған курорттық аймақтардан мыңдаған саяхатшы эвакуацияланып жатыр. Мамандар әсіресе, Мугла провинциясының қатты зиян шеккенін айтады. Эгей ауданына жолдама алған туристер билеттерін кері қайтарып жатыр. Мармаристе де дәл осындай жағдай. Енді сарапшылар аймаққа келетін саяхатшылардың саны биыл 80%-ке қысқаруы мүмкін деп отыр.

Турист:

- Өрт кенеттен басталды. Не болғанын түсінбей қалдық. Өрт барлық жақтан бірдей басталған сияқты. Жан-жақтан ұшақтар ұшып, отты сөндіріп жатыр.

Соңғы кездері Сербияға Үндістаннан туристер көптеп ағыла бастады. Соңғы бірнеше айда аймаққа мыңнан астам үнді азаматы келген. Себеп біреу – вирус өршіп тұрған елдің тұрғындарын әлемнің өзге елдері қабылдамаған. Ал Сербияда ондай қатаң талап жоқ. Елге үнділер визасыз кіре алады. Бар болғаны ПТР-тесттің теріс нәтижесі мен егілгенін дәлелдей алса болғаны. Ал егер Еуропаның өзге еліне баратын болса, Сербияда кем дегенде 7 күн карантинде болуы керек.

Турист:

- Демалысымызды жоспарлағанда екі елге бару мүмкіндігіміз болды. Ол Сербия мен Мексика. Мексикаға бару тым қымбат болғандықтан, Сербияны таңдадық. Алдымен міндетті карантинде отыру керек. Кейін демалысымызды жалғастыратын боламыз.

Ал, Сочиге егілмей келген демалушылар айыппұл төлейді. Қонақүйге тоқтар алдында туристер алдымен вакцинация төлқұжатын көрсетуі шарт. Егер паспорты болмаған жағдайда 3 күннің ішінде екпе салдыруға тиіс. Болмаса, әкімшілік жазаға тартылады. Екпеден тек 15 жасқа дейінгі балалар босатылады. Ал, 15-тен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерде 72 сағат ішінде тапсырылған ПТР-тесттің нәтижесі болған жөн.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы