Италияда қасақана от қойған ер адам камераға түсіп қалды

Коронавирустан бөлек әлемді әбігерге салып тұрған тағы бір мәселе - өрт. Қазір Латын Америкасында жағдай қиын. Мұндағы Боливия мен Перуде орман өртеніп жатыр. Грекияда да тілсіз жау ырыққа көнер емес. Түркиядағы орман өрті енді ғана саябыр таба бастады. Елді мекендер мен туристерге қауіп төніп тұрған жоқ деп хабарлайды жергілікті билік.  

Ал Италияда қолдан өрт ұйымдастырмақ болған ер адам тұтқындалды. Жасырын камераға түсіп қалған кадрлар ер адамның Неаполь төңірегіндегі алқапқа қасақана өрт қойғанын растап отыр. 

Жалпы Италияда да қазір орман өртеніп жатыр. Соңғы дерек бойынша, 2 адам көз жұмған.

ТҰРҒЫНДАР МЕН ТУРИСТЕР ЖАҒАЖАЙДА ТҮНЕУГЕ МӘЖБҮР 

Грекияда өртті сөндіруге күннің ыстығы кедергі келтіріп тұр. Қазір ауа температурасы 40 градустан төмен түспейді. Мамандар аптаның соңына таман жаңбыр жауады дейді. Сол кезде ахуал сәл де болса жақсаруы мүмкін. Ал әзірге тілсіз жау дес берер емес. Кейінгі тәулікте тағы 90 жерден от шыққан. Әсіресе Эвбеядағы жағдай қиын. Елдегі екінші ірі арал,,,туристер арасындағы танымал орын саналады. Алайда саяхатшылар бұл жолғы демалысының шырқы бұзылғанын айтады. Олар жергілікі тұрғындармен бірге арнайы жіберілген кемелерге мініп, аралдан кетіп жатыр. Ал келесі су көлігін күткен жұрт жағажайда түнеуге мәжбүр. 

Мина, Эвбея аралының тұрғыны:

Өзімді қорқынышты фильмде жүргендей сезініп отырмын. Мына сұмдықтың жалғасып жатқанына 10 шақты күн болды. Сорақысы сол - оның қашан бітетіні белгісіз. Менің аяғым ауыр. Кішкентай балам бар. Менің жағдайымда отпен арпалысу мүмкін емес. Сондықтан жақындарыммен бірге бүгін аралдан кетіп барамын.

Грекияға Еуропаның біраз елі техника мен мамандарын жіберіп, мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр. Ал Токиодағы олимпиада ойындарында судағы полодан күміс жүлдегер атанған Грекияның ұлттық құрамасы сыйақысының жартысын оттан зардап шеккендерге бөліп беретін болды.

ӨРТЕНГЕН АЛҚАПТЫҢ АУДАНЫ ЛОС-АНДЖЕЛЕС АУМАҒЫНАН АСЫП КЕТЕДІ

Грекияда орман өртінен көз жұмғандар жайлы ақпарат түскен жоқ. Ал АҚШ-та табиғат апатынан 8 адам жоғалып кеткен. Калифорниядағы тілсіз жау 188 мың гектар аумақты шарпыған. Бұл,,,штатта халық саны бойынша ең ірі шаһар саналатын Лос-Анджелестің аумағынан асып кетеді. Тілсіз жауға «Дикси» деген атау берілген. Ол Калифорния тарихында тіркелген ең ірі 11 орман өртінің біріне айналды. Өңірде жыл сайын орман өртенеді. Алайда сарапшылар биылғысы өте ерте басталғанын айтады. Ауқымы да зор болып тұр. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл жанып кеткен аумақ 250 процентке артқан екен.  

Энн О'малли, қауіпсіз жерге көшірілген тұрғын:

– Мен енді қайда барамын? Кері қайта алмаймын. Айналамыздың бәрі көк түтін болып, түк көрінбейді.

ЯКУТИЯДА БЕЛЬГИЯ АУМАҒЫНАН ЕКІ ЕСЕ ҮЛКЕН АЛҚАП ӨРТЕНІП КЕТТІ

Якутияда ДА орман өртеніп жатыр. Тілсіз жау 13 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Сондықтан тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Билік отпен күреске жұмылдырылған мамандарды вакциналауға белсендірек қатысуға шақырды. Өйткені олар шалғайдағы өңірлердің тұрғындарына коронавирус жұқтыруы мүмкін деген қауіп бар. Жалпы соңғы дерек бойынша Якутияда өртенген алқап 6 миллион гектардан асып кеткен. Салыстыру үшін айтатын болсақ, Бұл бір ғана Бельгия аумағынан екі есе көп.  

ЛАТЫН АМЕРИКАСЫНДА ДА ОРМАН ӨРТЕНІП ЖАТЫР

Орман өртінің зардабын Латын Америкасындағы Перу мен Боливия да тартып отыр. Мұнда қазір қыс мезгілі. Күн салқын. Алайда соған қарамастан өрт біраз аумақты шарпып үлгерген. Оттың нақты неден тұтанғаны белгісіз. Жалпы мамандар кейінгі кезде орман өртінің жиілей түсуінің негізгі себебі климаттың өзгеруімен байланысты екенін айтады. Алайда Италия билігі тақауда ғана оның көбі адамның қолымен жасалатынын мәлімдеген еді.