Литва Беларусьпен шекарада шеп орнатпақ

Литва Беларусьпен шекарада шеп орнатпақ

Литва парламенті Беларусьпен шектесетін 500 шақырым шекараға шеп орнатуды мақұлдады. Мұндай шешім көрші елден келіп жатқан заңсыз мигранттар санының күрт көбеюіне байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санға салсақ, жыл басынан бері 4 мыңнан астам босқын Литва шекарасын заңсыз кесіп өткен. Осыған байланысты шекара аймағында енді 4 метрлік дуал тұрғызылмақ.   

Агне Билотайте, Литва ішкі істер министрі:

– Бізге шекарамыздың берік болғаны керек. Осы мақсатта дуал да тұрғызылмақ. Және оны мейлінше тезірек іске асыру қажет.

ЛАТВИЯ МИГРАНТТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІН ЕНГІЗДІ

Ал Латвия елі мигранттар ағынына төтеп беру үшін Беларусьпен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялады. Ел үкіметі шекара аумағын заңсыз кескен босқындарды күшпен кері қайтаруды тапсырды. Бұдан бөлек, Латвия билігі төтенше жағдай аймақтарында босқын статусы туралы өтінімдерді қабылдамайтын болды.

Айта кетейін, соңғы мәлімет бойынша, өткен тәулікте Латвия-Беларусь шекарасында шамамен 200 мигрант қолға түскен. Ал алдыңғы 3 тәулікте 160 адам ұсталған.