Тәліптер Кабул маңындағы тағы екі қаланы басып алды

Тәліптер Кабул маңындағы тағы екі қаланы басып алды
фото: csn-tv.ru

«Талибан» Ауғанстандағы тағы 2 қаланы басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содырлар ел астанасы Кабулдан 50-ақ шақырым жерде орналасқан Пули-Алам және Калат шаһарларына бақылау орнатты. Бұлар Логар және Забул провинцияларының астаналары. Осылайша, тәліптер айналдырған бір аптаның ішінде негізгі аймақ орталықтарының 30%-ін өзіне қаратқан. Үкімет әскері қауқарсыз болып тұр. Кейбір сарбаздар бас сауғалап қашса, қалғандары қарсылықсыз беріліп жатыр. АҚШ пен Ұлыбритания биліктері ауған еліне әскер жібергенін мәлімдеді.

Антонио Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ауғанстандағы жағдай бақылаудан шығып барады. Жағдай өте қиын. Соңғы бір айдың ішінде 1 мыңнан астам адам қырылды. Басым бөлігі бейбіт тұрғындар. Кемінде 241 мың тұрғын үйлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр. Ауруханаларға науқастарға лық толы. Дәрі-дәрмек, медициналық керек-жарақ пен азық-түлік жетіспейді. Жолдар, көпірлер, мектептер, емханалар, барлық маңызды инфрақұрылымдары нысандары қирап жатыр. Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек ауадай қажет.