Талибан Ауғанстандағы Мазари-Шариф қаласын да басып алды

Талибан Ауғанстандағы Мазари-Шариф қаласын да басып алды

Бұл осы мемлекеттегі көлемі жағынан ірі төртінші шаһар әрі Балх провинциясының орталығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда үкімет әскері соғыспай беріле салған. Осылайша тәліптер ел аумағының 90 процентіне иелік етті. Бұл туралы Associated Press және Иранның ақпарат құралдары хабарлады. Қазір Үкіметтің бақылауында ел астанасы Кабул мен шығыстағы Пәкістанмен шектесетін Нангархар провинциясының орталығы Жалалабад қана қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев басқаратын дипломатиялық миссия Кабулдағы жұмысын жалғастырып жатыр. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазақ елшілігінде шектеулі құрам қалған. Қызметкерлердің біраз бөлігі қауіпсіздік мақсатында дипмиссия ғимаратына бармай отыр.

Рамиш Салеми, аналитик:

– АҚШ президенті Байден әскерін алып кетемін деген сәттен бастап Талибан шабуылды бірден күшейтті. Ауғанстандағы соғыстың себеп-салдары өте күрделі. Адамның қаны суша төгіліп жатыр. Бұл қырғын 40 жылдан бері жалғасып келеді. Сыртқы алпауыт күштердің ауған жеріндегі тартысы азаматтық соғысқа ұласты. Ауғанстанның стратегиялық мүдделердің түйіскен жерінде, оның ішінде Орталық Азияда орналасқаны өзіне сор болып тұр. Менің ойымша, елдің тағдырын ауған халқы жан-жақты келіссөздер арқылы өз қолына алуы тиіс. Бұл – ішкі мәселе.

Түркия Ауғанстаннан ағылған босқындар нөпірін тоқтату үшін Иранмен арадағы шекара күзетін күшейтуге кірісті. Аталған аймаққа осы мақсатта түрік елінің Қорғаныс министрі Хулуси Акар келді. Түркияның Иранмен арадағы шекарасының жалпы ұзындығы 295 шақырымға жетеді. Акар оның 64 шақырымына жыл аяғына дейін дуал тұрғызамыз деп мәлімдеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігі жыл басынан бері Ауғанстаннан 400 мың тұрғынның басқа елдерге бас сауғалап қашқанын алға тартады.