Мексикадағы жер сілкінісі ғимараттарды қиратты   

Мексикадағы жер сілкінісі ғимараттарды қиратты   

Табиғат тосын мінез танытып тұр. Мексиканың бір бөлігін су басқан. Өзге аймақта зілзала болды. Оның қуаты 7 баллаға дейін жетті деген ақпарат бар. АҚШ-ты долы дауыл әлі шайқап тұр. Ал іргедегі Қытай топан сумен алысып әлек.

Мексиканың солтүстік шығысында қуаты 7 баллға жететін жер сілкінісі тіркелді. Зілзала ошағы 12 шақырым тереңдікте орналасқан.  Жер сілкінісі көпке танымал Акапулько курортты аймағында болды. Мексиканың Ұлттық Сейсмология қызметінің хабарлауынша, жер асты дүмпулері тағы 70 рет қайталанған. Олар ел астанасы Мехикода да сезілді. Табиғат апатынан бірнеше ғимаратқа зақым келді. 730 мың адам жарықсыз қалды. Тұрғындардың көбі  дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Кей ақпарат көздері бір адамның мерт болғанын хабарлайды. 

Клаудиа Гварнерос, жергілікті тұрғын:

–Мен анаммен үйде болдым. Сейсмикалық белгі беретін дабыл қағылғанда зәреміз ұшты. Анамды шұғыл сыртқа шығаруға тырыстым. Дүмпулердің қатты болғаны сонша үйіміздің қозғалғаны сезілді. Жарық өшкеннен кейін тас қараңғыда ешнрсе көрінбеді. Тек бір нәрсенің құлағанын естідік.

МЕКСИКА ТАСҚЫННАН 17 АДАМ МЕРТ БОЛДЫ

Ал Мексиканың Тула қаласы топан су астында қалды. Апаттан аймақтағы ауруханада коронавирустан ем қабылдап жатқан 17 науқас қаза тапты. Жарық өшкенде оларды оттегімен қамтамасыз ететін құрылғы істен шыққан. Қалған 40 науқас өзге  ауруханаларға ауыстырылды. Ақпарат көздері ғимараттардың бірінші қабаты суға толғанын айтады.  Жергілікті билік апаттың салдарын жою үшін әскерилерді жұмылдырды. Тасқыннан шамамен 30 мың адам зардап шеккен.

ФИЛИППИН  ЖОЙҚЫН ТАЙФУН ОЙРАН САЛДЫ

Филиппинде Консон тайфуны мінез көрсетті. Құтқарушылар қауіпті аймақтан 12 мың адамды эвакуациялады. Долы дауыл бірнеше провинцияны жайпап жатыр. Апат салдарынан Таклобан қаласында су тасқыны басталды. Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Айтуынша аралдың шығысына қарай тағы бір тайфун жақындап келеді. Оның жылдамдығы сағатына 190 шақырымға жетітін көрінеді. Жалпы арал Тынық мұхиты белдеуінде орналасқандықтан   жыл сайын Филиппинде 20-ға жуық тайфун тіркеледі.

ҚЫТАЙ  СУ ТАСҚЫНЫ ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ӘБІГЕРГЕ САЛДЫ

Ал Қытайдың оңтүстік батысындағы Чунцин өлкесінде су тасқыны басталды. Жергілікті тұрғындар тез арада өзге жерге көшірілді. Аймақта бір тәулік бойы жауған жаңбырдан кейін Цзялинь өзені тасыды. Кей жерлерде жиналған су дамның белінен келеді.

Ли Цюн, қоғам қайраткері:

–Мамандардан ескерту алғаннан кейін тұрғындарға көмектесе бастадық. 59 дүкендегі заттарды көшірдік. Халық қауіпсіз деп танылған жерге эвакуацияланды.

«ИДА» ДАУЫЛЫНЫҢ САЛДАРЫ   

Бұл Ида дауылынан кейінгі Луизинананың көрінісі. Жағалау маңында орналасқан елді мекендегі үйлер мен көліктер су астында қалды. Осыған байланысты жерлігілікті тұрғындар баспаналарына орала алмай отыр. Жалпы Ида дауылы ел аумағы бойынша 71 адамның өмірін қиды.