«Мигранттарға жәбір көрсетуді тоқтатыңдар». Польша халқы ереуілге шықты

«Мигранттарға жәбір көрсетуді тоқтатыңдар». Польша халқы ереуілге шықты

Польшаның Варшава мен Краков қаласында мыңдаған халық «Мигранттарға жәбір көрсетуді тоқтатыңдар» деген ұранмен ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналғандар биліктен Беларусь арқылы елге кірмек болған заңсыз келімсектерге көмек көрсетуді талап етті. Наразылар шекарада өмір сүруге еш жағдай жоқ екенін және жәбір көрген мигранттарға тиісті медициналық көмек көрсетілмейтінін алға тартады. Жуырда ғана 5 мигранттың қаза тапқаны белгілі болды. Ресми Варшава болса аймақтағы жағдайға қатысты жауапкершілікті Беларусь билігіне артып отыр. Айтуынша, Беларусь заңсыз босқындарды Еуроодақ елдеріне жіберу үшін Литва, Латвия мен Польша шекарасына ығыстырып жатыр. Айта кетейік, аймақтағы миграциялық дағдарыс бірнеше ай бұрын ушықты. Беларусь билігі бұл әрекетін Еуроодақ тарапынан көрсетілген қысымға қарымта жауап деп бағалап отыр.

БЛИЦ:

– Біз биліктің қолға алған шараларына түбегейлі қарсымыз. Оларды қабылдамай, кері қайтару адамгершілікке жатпайды. Салдарынан адамдар өліп жатыр. Әйелдер мен балалардың қиналуына жол бермеуіміз керек.

– Кезінде мен де босқын болдым. Польшаға 1996 жылы келгем. Қазір мигранттар қиналып жатқан жерде мен де 20 күндей болдым. Сондықтан олардың жай-күйін жақсы түсінемін. Кірмелерге еш қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Арасында нәзік жандылар, балалар мен дімкәс жандар бар. Адамгершілік, құндылық, Польша халқының қонақжайлығы қайда?