«Махаббат тарихы». Киевте гүл көрмесі ашылды

Бір қызығы, мұндағы оннан астам композицияны құрауға 30 мың түп хризантема қолданылған екен.

Биіктігі 5 метрге дейін жететін балерина, Эйфель мұнарасы, махаббат тунелі, құйрық-жалы төгілген жылқы, гүлден соғылған сұлу саябақ сізді бірден ертегі әлеміне жетелейді. Оған Киевтің әдемі күзін қосыңыз. «Махаббат тарихы» деп аталатын гүл-көрмесі – карантин кезінде еркін қыдыруға болатын әдемі орындардың бірі. Мұндағы композициялардың барлығы дерлік «бақытгүлден» яғни хризантемадан соғылған.

Ирина, Киев тұрғыны:

- Өте әдемі саябақ, көктем мен күзде келуді әдетке айналдырғанбыз. Әсіресе, қазір алтын күз көрменің ажарын аша түскен. Мұндағы композициялар үлкен шеберлікпен жасалған.

Ұйымдастырушылар дала сұлуларынан соғылған мүсіндердің барлығы дерлік қолмен жасалғанын айтады. Ол үшін жүзден астам жұмысшы жұмылдырылған екен.

Дмитрий Варналий, көрмені ұйымдастырушы:

– Биыл біз 30 мың тал хризантема отырғыздық, олар млн бүршік жарды. Гүлдерді әртүрлі сорты мен түсі біз таңдаған махаббат тақырыбын аша түсті. Композицияларды құрау үшін ағаш, темір, платистикті де қолдандық. 5 метр металл жақтаулар жасалды, соның негізінде алып балерина айналып тұр.

«Махаббат тарихы» деп аталған гүл-көрме Киевте қазан айының соңына дейін жұмыс жасайтын болады. Ұйымдастырушылар карантин кезінде келушілер саны 100 мыңға жуық болар деп топшылап отыр. Өйткені Украина бойынша эпидемиологиялық жағдай қазір мәз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сай, ковид жұқтырғандар саны тәулігіне 23 785 адамға жеткен, індеттен бір күнде 614 адам қайтыс болған. Сондықтан 23 қазан мен 8 қараша аралығында Украинаның мектеп оқушылары каникулға ерте шығады.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко