Кореядағы корейлер қазақ тілін үйреніп жатыр

30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстан әлемге танылды. Еліміз 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатты. Бұл салада аудармашылар маңызды роль атқарады. Оңтүстік Кореяда оларды профессор Әлия Құрышжан дайындайды. Оның шәкірттері қазақ тілін алғаш меңгерген оңтүстік кореялықтар. Бүгінде олар екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлкен үлес қосуда. 

Владислав Цой, тілші:

- Хангук шет тілдер университетінде 45 мемлекеттің тілі оқытылады. Жоғарғы оқу орнының аумағында осы мемлекеттердің туы ілінген. Соның ішінде Қазақстанның көк туы да бар. Қазақ тілі мұнда 2003 жылдан бастап оқытылады.

Профессор Әлия Құрышжанның таңы бір кесе кофе мен қазақ тілінен тапсырмаларды тексеруден басталады.

- 6 үй тапсырмасы келіп отыр. Әрбір студент аудиосын жібереді. Және жазбасын жібереді. Түзеткенім, қосқаным бәрі көрініп тұрады. Балалар, міне қазақ мұғалімнің правкасы.

- Менің аты-жөнім Чхве Дже Хо. Мен қазір Сеулде тұрып жатырмын.

Әлия Құрышжан осы университетте 8 жылдан бері жұмыс істейді. Профессорды қызметке өзінің шәкірті шақырыпты. Сон Ён Хун Кореяда қазақ тілін оқытуды бастаған тұңғыш корей азаматы.

Қазақ тілін үйренетін студенттердің арасында болашақ аудармашылар, дипломаттар мен қазақ-корей компанияларының қызметкерлері бар.

Ким Джун Гё (ИЛЬЯС), Корея шет тілдер университетінің студенті:

- Әлия апай өте ақылды және өте мейірімді адам деп ойлаймын, себебі ол біріншіден, қазақ тілін өте жақсы көреді. Және ол әрқашан балалар үшін түрлі-түрлі басқа материалдарды дайындайды. Сондықтан мен үшін ол өте мықты профессор деп ойлаймын.

Ли Джин Со (БАЛЖАН), Корея шет тілдер университетінің студенті:

- Менің атым Балжан, менің Корея атым Ли Джин Со. Қазақ тілі өте қызық және Орта Азия тарихы менің ойымша, өте қызық. 

Әлия Құрышжанның шәкірттері қазақ тілін меңгеріп ғана қоймай, оның дамуына да үлес қосып жүр. Солардың бірі Чой Ён Сон биыл Қазақстан Президентінің Алғыс хатына ие болды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық профессордың еңбегін атап өтті. Ал Әлия ұстаздың тағы бір шәкірті Чу Йон Мин қазір Қазақстандағы Корея елшілігінде жұмыс істейді.

Әлия Құрышжан, Корея шет тілдер университетінің профессоры:

- Екі Президенттің кездесу барысында Қызылорда қаласынан корей каһарманның сүйегін алып келген. Қызылордаға соның бәрін ұйымдастырып келуге Баян, Юн Мин Чу барған. Оның қазақшасы жақсы, сондықтан жергілікті адамдармен сөйлесіп, соның барлығын атқарып келген сол бала.     

Қазақ тілде оқып жатқан студенттер Қазақстандағы жаңалықтардан хабардар. Ол үшін «Хабар 24» арнасын жиі көреді екен.  

Әлия Құрышжан, Корея шет тілдер университетінің профессоры:

- Университеттің техникалық департаментіне өтініш беріп «24 kz»-ті қосып алдым. Кампустың ішінде оны көруге болады. Әсіресе Қазақстан Корея арасындағы қарым-қатынас туралы, саясат, техникалық жаңалықтар, өнер, түрлі шаралар, соны көрсетемін. Сондықтан «24 kz»-тің тілшілеріне мың алғыс. Мен осы материалдарды жиі қолданамын.

Әлия Құрышжанның айтуынша, Кореяда қазақ тілінің танымал болуына екі жақты қарым-қатынас әсер еткен. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге сапары да Қазақстанға деген қызығушылықты арттырған. Келер жылы Кореяның жаңа президенті сайланады. Бұл Қазақстан-Корея ынтымақтастығының жаңа кезеңінің басталатынын білдіреді. Оның нығаюына Әлия Құрышжанның шәкірттері де өз үлесін қосады. 

Владислав Цой, Ольга Лян