Ніл өзені үшін талас басталды

Zhitanska.com

Египетте Нілді құтқару мәселесі өткір тұр.

Алдағы күндері парламент жанында арнайы комиссия құрылады. Жыл аяғына дейін ел басшысына өзенді сақтап қалу жоспарын ұсыну керек. Ғалымдардың болжамынша, алдағы он жылда Ніл атырауының үштен бір бөлігін су басады. Ал саясаткерлер Эфиопияның өзен бойына су бөгетін салуды қауіп көреді.

Әлемнің ең ұзын өзеніне басты қауіп ғаламдық жылынудан төніп тұр. Дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуі салдарынан Ніл атырауы суға батып, Египет құнарлы жерінен айырылады. Миллиондаған адам баспанасыз қалуы мүмкін. Өйткені елдегі халықтың жартысынан көбі осы өзеннің жағасында тұрады. 

Мохаммед Тавфик, Египет су қоры министрлігі экология бөлімінің басшысы:

- Бүгіннің өзінде елдің ішіне қарай жарты миллион адамды көшіру қажет. Мұны қазір істеу керек, өйткені болжауымызша, 4 жылдан кейін су екі жүзден 400 мың шаршы метрге дейін құрлықты басады. Егер өзенді құтқаруға күш салсақ, Нілді де, адамдарды да қорғап қалуға болады. Әйтпесе ондаған жылдан кейін Египеттің бүкіл халқына судан пана іздеуге тура келеді. Біздің мәліметіміз бойынша, 2070 жылға қарай 6 миллион адамның үйі су астында қалады.   

БҰҰ Ніл атырауының суға батуына қарсы күреске 32 миллиард доллар бөлді. Египет үкіметі бұл жобаның бюджетін екі есе арттырмақ. Апта соңында парламент жанында өзенді құтқару бойынша арнайы комиссия жұмысын бастайды. Оған билік өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер мен инженерлер кіреді. Басты міндет - жаңа су бөгеттерін салу. Яғни халықаралық ұйымдардың көмегімен ескі бөгеттер жаңартылып, өзен жағалары бекітіледі.

Хоссам Газаль, Египет парламенті жанындағы ніл өзенін құтқару комиссиясының мүшесі:

- Комиссиядағы жеке бір топ Эфиопияда салынып жатқан «Жаңғыру» су бөгетін бақылауға алады. Жақын арада оны үшінші рет сумен толтыратынын білеміз. Алғашқы екі ретінде жалпы көлемі 18 жарым миллиард текше метр су кеткен. Көрші мемлекеттің бұл қимылы арамыздағы келісімдерді бұзумен қатар, Ніл қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр деп санаймыз.

Сурафел Тилахун, инженер:

- Осы су бөгеті – Эфиопияның ұлы жетістігі. Ол миллиондаған адамымызды кедейліктен құтқарып, жарықсыз аудандардың жартысынан көбін электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұған толық құқығымыз бар. Мемлекетіміз бұл мәселені БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдерімен талқылаған болатын. Египет Нілді тек өзінікі деп санамауы тиіс. Біздің де азаматтарымызға бұл өзен мен оның әлеуеті қажет. 

БҰҰ қос тарапты келіссөз бастап, жылдың соңына дейін осы мәселені шешуге шақырды. Ал осы кезде Еуропалық Одақ Египет ұстанымын қолдап отыр. Еуропалық компаниялар Каирге қайтарымсыз грнат ретінде 60 миллиардтай доллар бөлуді көздеп отыр.

Светлана Брахмит, Әмір Мұрат