Чехияда екпе салдырмағандар үшін локдаун енгізілді

Чехияда екпе салдырмағандар үшін локдаун енгізілді

Енді ондай азаматтар кісі көп жиылатын іс-шараларға қатыса алмайды, мейрамхана мен дәмханаға бармайды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Тіпті кеңсеге де кірмейді. Билік эпидахуал былтырғымен салыстырғанда, біршама жақсарғанын айтады. Бірақ ауруханаларда науқас саны азаяр емес.   

Биліктің айтуынша, локдаун коронавируспен әлі ауырмаған адамдарды қорғауы тиіс. Алайда біреулер «бұл азаматтардың құқығын шектеу» дегенді алға тартады. Қатаң тәртіп енгізілген алғашқы күні елде ондаған наразылық акциясы өтті. Ереуілге бас-аяғы 200 мың адам қатысыпты. Олар әдейі маска тақпай, әлеуметтік қашықтық сақтамаған. Сондай-ақ екпенің тиімділігіне сенбейтінін де жеткізген. Локдаунға қарсы тараптың қатарында мейрамхана иелері де бар. Өйткені үйреншікті әлеуметтік өмірді шектеу клиенттердің құқығын бұзатынын айтады. Кәсіпкерлер соның салдарынан табысымыздан қағылып отырмыз дейді.

Владислав Клаус, дәмхана иесі:

– Бұған дейін мейрамханаға ПТР-тесттің теріс нәтижесі бар келушілер кіре алатын. Енді біз олардың алдында есігімізді жабуға мәжбүрміз. Клиенттердің көңілін қалай қалдырамыз? Мен өз беделіме нұқсан келтіруге дайын емеспін. 

Көңіл көтеру және тамақтану орындарынан бөлек басқа мекемелер де жаңа ережеге бағынуы тиіс. Мәселен, дүйсенбіден бастап мектепте оқушылар ПТР-тест тапсыруға міндеттеледі. Ірі зауыт-фабрикаларда да осындай талап. Барлық шығын мемлекеттік бюджеттен өтеледі. Биліктің қатаң шаралары нәтижесін бере бастағанға ұқсайды. Өйткені кейінгі күндері екпе салдырамын деушілердің саны 4 есе артқан. Прагадағы вакциналау орталықтарының алдында бірнеше шақырымдық кезек пайда болды. 

Григорий Кураш, Чехия денсаулық сақтау министрлігі заң бөлімінің басшысы:

– Біз локдаун кезінде фирмалар мен зауыттарға келтірілген шығын үшін материалдық өтемақы төлейміз. Жаппай іс-шараларда, қызмет көрсету саласында тек вакцина салдырғанын не коронавируспен ауырып шыққанын растайтын құжат қана жарамды болады. Біз мұны ойдан шығарып отырған жоқпыз. Заң солай. Бұл ереже ақпанға дейін күшін жоймайды. Егер жағдай жақсармаса, үкімет оны сәуірге дейін ұзартуы мүмкін.

Негізі Чехия халқының саны 10 миллион болса, соның 6 миллионнан астамы екпе салдырған. 203 мың тұрғын коронавирус жұқтырып, ауруханада жатыр. Күн сайын елде жаңа антирекорд тіркеледі. Қазір мұнда індеттің бесінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан денсаулық сақтау саласының мамандарына әскердің көмегіне жүгінуге тура келді. Сөйтіп Прага төңірегінде бірнеше дала госпиталі құрылып, оған 400 әскери дәрігер тартылды.   

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Алексей Лаптенок, Дмитрий Лукша и Мартин Ягр