Францияда вакцинаға қарсы топ шеруге шықты

Кейінгі аптада әлемнің әр елінде түрлі мәселеге қатысты наразылық шаралары көбейді. Францияда вакцинаны міндеттеуге қарсы толқулар басылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Кариб теңізіндегі Францияға қарасты Гваделупада медицина қызметкерлеріне вакцина салдыруды міндеттеу мен ковид-төлқұжат енгізуге қарсы шеруге шықты. Өткен аптада басталған шеру тәртіпсіздікке ұласып, қалалар астан-кестең болды. Шаһар көшелерінде баррикадалар көбейіп, көліктерге от қою жиілеген. Тәртіпсіздікті басу үшін Франциядан шұғыл қосымша полиция күштері жіберілді. 100-ге жуық адам қамауға алынды. Мәселені шешу үшін комиссия құрылып, шерушілермен келіссөз басталған.

Жеральд Дарманен, Франция ішкі істер министрі:

– Гваделупадағы қазіргі жағдай өте күрделі. Біз кез келген зорлық-зомбылықты айыптайымыз. Шерушілердің бөгет тұрғызып, жолдарды жабуынан қарапайым адамдар зардап шегіп отыр. Мысалы, науқастардың ауруханаға баруына кедергі келтірді.

ИСПАНИЯ КЕНШІЛЕРІ ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Испанияның Кадис аймағында да өткен аптадан бері метталургтердің наразылығы жалғасты. Мұнда сала өкілдері биліктен жалақыны өсіруді талап етеді.

Елде инфляцияның өсуіне қарамастан еңбекақы көтерілмеген. Бұған қоса жүздеген кенші жұмысынан айырылып, өңірде жұмыссыздық белең алды. Кәсіподақ пен билік арасындағы келіссөз нәтиже бермей, шерушілер жолды бөгеп тастады. Тәртіп сақшыларымен қақтығысқа түсті.

Саул Трунко, шеруші:

– Жұмысшылармен келісім тоқтатылып, бірқатар шаралар енгізілген соң наразылық басталды. Бізден қосымша ақы алу енгізілді. Жұмыс берушілердің жаңа кәсіби санаты да еңбегімізге нұқсан келтіріп жатыр.

БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНАДА КЕНШІЛЕР КӨМІР САЛАСЫН ҚҰРЫЛЫМДАУҒА НАРАЗЫ 

Босния және Герцеговина астанасы Сараевода да елдегі 7 кен орның жұмысшылар шеруге шығып, үкімет ғимаратының алдына жиналды. Кеншілердің наразылық танытуына биліктің көмір өндіру саласын қайта құрылымдап, жұмыс орындарын қысқартуды жоспарлауы себеп. Өйткені Еуроодақ 2050 жылға қарай бұл отын түрінен бас тартып, баламалы электр энергиясына көшеді. 

МҰҒАЛІМДЕР БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН ЖЕТІЛДІРУДІ СҰРАЙДЫ

Ал Перуде мұғалімдер бас көтеріп жатыр. Ұстаздар биліктен білім беру жүйесін жетілдіріп, жалақы мен зейнетақы көлемін өсіруді талап етті. Елдегі мемлекеттік мектептердің 60 процентінің материалдық-техникалық базасы нашар. Ереуілшілер қазіргі президент Педро Кастильоның да уәдесінде тұрмағанын айтып сынға алып жатыр. 

Мария Ретамозо, мұғалім:

– Біз президентке қарсы емеспіз. Тек ол сайланар алдында мұғалімдердің жағдайын жақсартамын деп уәде берген еді, енді соны орындауы тиіс. Сөзден іске көшсін.

СТУДЕНТТЕР СТИПЕНДИЯ ТӨЛЕУДІ СҰРАП ЖАТЫР

Ал Ирактың Күрдістан аймағындағы Сулеймания қаласында студенттер көтерілді. Жастар жергілікті биліктен 2014 жылы лаңкестермен күрес және мұнай бағасының құлдырауынан тоқтатылған стпиендияны қайта қалпына келтіруді сұрап жатыр. Себебі биыл мұнай бағасының өсуінен жергілікті бюджет молайды деп отыр.