Беларусь еліндегі ахуал бүкіл әлемді алаңдатып отыр

Соңғы үш апта бойы Беларусь еліндегі ахуал бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Күн суытқаннан кейін мыңдаған мигрант шекаралық өткелді шабуылдап, Польша аумағына өтпек болды. Тәртіп сақшылары су шашатын зеңбіректерді қолданып, шекарасын қорғап алды. Александр Лукашенко мұны адамгершілікке оғаш қылық деп атап, бүкіл Еуропаға ізгілік үлгісін көрсетуді бұйырды. Беларусь әскері мигранттарды шекарадан әкетіп, үлкен бір қоймаға орналастырды. Алайда бұл жерде де дау-дамай шықты. Босқындардың айтуынша, оларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік беріп, тұрмысқа қажетті тауарды бірнеше есе жоғары бағамен сататын көрінеді. Осыдан кейін Еуропарламент депутаттары Лукашенкодан осындай әркеттері үшін жауап беруін қатаң талап етті. 

Босқындардың жайлы өмір іздеп, Беларусь арқылы Еуропаға ұмтылуы нағыз апатты жағдайға айналды. Бірқатары осы елде мәңгі қалуға мәжбүр болғандарын айтады. Осы аптада өткелге жасалған шабуыл кезінде Ирактан келген бір әйел түсік тастап, нәрестесін осында жерледі. Орманда екі апта тұрып, ашынған босқындарға бір мезгілде өткелді шабуыл жасауға әлдебіреулер сырттан нұсқау берген секілді. Шекарасын қорғаған Польша әскері су шашатын зеңбіректер қолданды. Ресми Минск бірден Варшаваны қатігездік танытты деп айыптап, мигранттарды газ араласқан сумен тұншықтыруға бұйрық берді,- дейді. Мұнысы шын ба, белгісіз. Алайда Беларусь те осы әдісті жақсы біледі. Былтыр тамыз айында жергілікті милиция осындай газмашиналарды қолданған болатын. 

Мигранттарды арнайы тұрақжайға әкелгеннен кейін, сол маңда шағын базар ашылды. Онда азық-түлік, сусын мен шылым сатылады. Тіпті, валюта айырбастау үшін қалаға қатынайтын шағын автобус ұйымдастырылған. Алайда Таяу Шығыс елдерінің тұрғындарына доңыз еті қосылған шаурманы 3 доллардан сатуы дау туғызды. Сондай-ақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен бұқтырылған шошқа етінің қалбырларын  үлестіріпті. Бірақ мұны билік өкілдері жоққа шығарды.  

Юрий Караев, Беларусь президентінің көмекшісі:

– Бізде шығыс базары емес, заңды сауда. Тамақтандыру орындарының қыметкерлері ереже бұзғаны үшін қандай жауапкершілікке тартылатынын жақсы біледі. Екіншіден, олар байғұс жандарға көмек беруге дайын қайырымды адамдар. Әрине, пайда тапқысы келеді, бірақ алыпсатар болмағандықтан әкесінің құнын сұрамайды. 

Жұма күні бұл орталыққа Лукашенконың өзі келді. Мигранттар оны ду шапалақтап қарсы алды. Беларусь президентінің айтуынша, қалыптасқан жағдайға Польша тарапы кінәлі. 

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

– Германия канцлері Еуроодақпен бірлесіп мәселелеріңізді шешуге тырысады деп келістік. Мұнда батыс қауымының өкілдері мен тілшілері көп. Беларусь президенті ретінде жеке өзім тілектеріңізді орындау үшін бәрін жасайтынымды білсін. Бұл поляк, латыш және өзгелерге жақпаса да, қалағандарыңызды істейміз.

Еуроодақ мигранттарды құтқару мен отанына жеткізу үшін 3 жарым миллион еуро бөледі. Алайда бұл дағдарысты Лукашенко ұйымдастырғанына нық сенімді. Президент ретінде танымағаны үшін өшін алғысы келеді дейді. Босқындардың заңсыз тасымалына қатысты барлық туристік және көлік компанияларына жаңа санкциялар жобасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Еуропалық даму банкі Беларустегі барлық жаңа жобаларды қаржыландыруын тоқтатамыз деп шешті.  

Пятрас Австравичюс, Еуропарламенттің Беларусь жөніндегі баяндамашысы:

– Бұрмаланған сайлаудан 15 ай өткенде, диктатор Лукашенко заңсыз билікте қалғаны түсінікті болды. Еуроодақ батыл әрекетке барып қана оны тоқтата алады. Беларусь халқы бізден осыны күтіп отыр. Ал бүгін Одағымыз ортақ мәмілеге келмейді деген қорытындыға келдік. Меркель ханым телефонмен хабарласқаннан кейін Лукашенко Германия 2 мың мигрантты қабылдауға дайын деп отыр. 

Мигранттардың да Беларусьте қалғысы жоқ. Ирактағы Күрдістан өңірінің билігіне отанына қайтару жөнінде бір мыңға жуық арыз түсіпті. Жалпы, бүгінде Польшамен шекаралас аймақта 4 мыңдай босқын қалып отыр. Ал Германия шекара қызметінің мәлімдеуінше, биыл Беларусь аумағынан елге 10 мыңнан астам адам заңсыз кірген екен. Бұл дағдарыстан Беларусь тұрғындары да зардап шегуде. Шекарадағы дүрбелеңнің кесірінен 3 мыңнан аса жүк көлігі Еуроодақ аумағына өте алмай, өз кезегін күтіп отыр.

Бекболат Тұрмаханов, Дмитрий Лукша