Қырғызстанда сайлау нәтижелері күмән тудырды

Қырғызстанда сайлау нәтижелері күмән тудырды

Қырғызстанда парламенттік сайлауда жеңілген саяси партиялар дауыс беру нәтижесімен келіспей, сотқа шағымданды. Бұған дауыс санаудың автоматтандырлыған жүйесіндегі техникалық ақау себеп болды. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын бюллетеньдер қолмен қайта саналғаннан кейін жариялауға уәде берді.

Алғашқы мәлімет бойынша парламентке 6 саяси партия өтеді. Қалған он бесі 5 проценттік межеден өткен жоқ. Учаскелер жабылғаннан кейін деректер жариялана салысымен Орталық сайлау комиссиясы сайтында техникалық ақау болды. Бүкіл қалған жұмысты шұғыл түрде қолмен атқаруға тура келді. Бірақ сайт жөнделгеннен кейін барлық партияның сайлау қорытындысы өзгеріп шыққан. Тек сайлауға қатысқан халық саны бұрынғы қалпында қалды.  

Нұржан Шайлдабекова, Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлаушылар тізіміне дауыс беру құқығы бар 3 миллион 703 мың азаматымыз кірді. Осы сәтте автоматтандырылған дауыс санау жүйесі арқылы елдегі барлық учаскенің 90 процентінен ақпарат алдық. Алдын ала мәліметтер бойынша бір миллион 189 мың адам дауыс берген. Бұл жалпы санның тек 32 проценті ғана. 

Шағым беруге ұйғарған бес партия наразылығын Орталық сайлау комиссиясы алдында өткен шара барысында білдірді.

Саясаткерлердің пікірінше, техникалық ақаудан кейін жеңіске еш мүмкіндігі болмаған қоғамдық қозғалыстар парламентке өтіп кеткен. Ұтылған партиялар сайлаудың күшін жоюды талап етті.    

Тілек Токтогазиев, «Ата мекен» партиясының мүшесі:

- Орталық сайлау комиссиясы бұл техникалық қателік болғанын айтты. Осылай болғанда да біз ақауға дейін және одан кейінгі деректі салыстыра бастадық. Барлық партияда әртүрлі өзгерді. Яғни формуласы өзгерсе бәрінің өзгеріс коэффициенті бірдей болар еді. 

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Орталық сайлау комиссия жағынан бұрмалаушылық анықталса, барлық мүшесін жауапқа тартуға уәде берді. Бүгін таңертең Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов техникалық ақауға шетелден Орталық сайлау комиссиясының сайтына жасалған хакерлік шабуыл себеп болғанын мәлімдеді. Ал сәл кейін үкімет басшысының орынбасары Эдиль Байсалов бұл компьютердің бағдарламалық қамтамасыз етуінде кеткен қателіктен деді. Енді бюлеттеньдерді қолмен санап болғаннан кейінгі нәтижелерді күту керек.  

Бақыт Чермашев