Германияда індеттің төртінші толқыны кәсіпкерлерге кесірін тигізуде

Германияда індеттің төртінші толқыны кәсіпкерлерге кесірін тигізуде

Германия билігі коронавирустың төртінші толқынымен күресіп келеді. Осыған байланысты кей өңірлерде дәстүрлі рождестволық жәрмеңкелер өткізуге тыйым салынған, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл мерекелік шараға әдетте халық көп жиналады. Онсыз да белшесінен шығынға батқан туризм саласы осы мейрамға үлкен үміт артқан еді. Бавариядағы мейманхана иесі Фолькер Нойерот қайта шығынын есептеуге мәжбүр. Індеттің төртінші толқыны кәсібіне зор нұқсан келтірді. Қонақтары тапсырыстарынан бас тартып отыр. Той өткізуге арналған залдары да бос қалатын түрі бар.

Фолькер Нойерот, мейманхана иесі:

– Өткен аптада қонақтарымның 40%-і тапсырыстарынан бас тартты. Қазір олардың саны 65-70%-ке жетіп отыр. Әдетте осы кезде бізде бос бөлме қалмайтын. Бұл мені үлкен шығынға батырды. Ал егер локдаун енгізсе, кәсібіміз күйрейді.

Таяуда енгізілген жаңа шектеулерге сәйкес барлық мәдени және ойын-сауық мекемелеріне тек вакцина алған және коронавирустан жазылған адамдар кіре алады.

Олег, турист:

– Шектеулер енгізілетінін сезіп, алдын-ала қамдандық. Екі екпе салдырдық. Өйткені мұражай немесе мейрамхана болсын кезкелген мекемеде QR-код көрсетуді сұрады. Ол бізде бар, сондықтан бізді жібереді. 

Эн, турист:

– Әрине бұл халықты вакциналауға ынталандырады. Кез келген мекемеге келгенде, айналадағы адамдардың барлығы екпе салдырғанына сенімді боласың. Сондықтан осындай орындарға қорқпай барасың.

Ал осы кезде Германияның тау-шаңғы шипажайлары қонақтарын асыға күтуде. Пандемияға дейін Баварияға жылына 40 миллиондай турист келетін. Алайда биыл саны одан едәуір аз болатыны анық. Екпе салдырмағандар тіпті бара алмаса, вакциналанған адамдар да сақтық шараларын сақтауға тиіс. Мәселен, тауға көтеретін арқан жолдың кабинасы тек 25%-ке толуы керек. Берлин кәсіпкерлерінің де жағдайы мәз емес. Шаһарда түнгі клубтар мен дискотекалардың жұмысы шектелді. Енді мейрамханалар мен мәдени нысандар да жабылуы мүмкін.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский