Ресейде азық-түлік карточкасын енгізу мәселесі талқыланып жатыр

Ресейде азық-түлік бағасы күрт қымбаттайды деп болжанып отыр. Мемлекеттік думада азық-түлік карточкасын енгізу талқыланып жатыр. Тұтынушылар Одағы бастаманы шұғыл енгізуге шақыруда. Билік бағаларды ритейлер компаниялармен келісім арқылы тұрақтандыруға тырысып жатыр.

Тұтынушылар одағы биліктен кедей азаматтар үшін азық-түлік карточкасын енгізуді сұрап отыр. Себебі үкімет бағалардың өсуін тоқтатуға қауқарсыз. Мемлекеттік дума да азық-түлікті сатып алуды субсидиялауды талқылап жатыр. Бір аудиторлық компанияның есебінше Ресейде 25 миллион адам, яғни әр алтыншы азамат кедейшілік жағдайында өмір сүреді. Ал ресми дерек бойынша кедейлік қамытын киген жандардың саны 12 миллион.

Петр Шелищ, Ресей тұтынушылар одағының басшысы:

- Мақсат бағалардың өсімі ауыр тиіп жатқан жандарға көмектесу. Бұлар кімдер? Бұлар халықтың ең кедей бөлігі. Ал бізде кедейлер дегеніміз кім? Бұл тіпті зейнеткерлер емес. Олар асырауында көп адамы бар балалы отбасылар. 

Ресейліктердің 40 проценттен астамы бағалардың өсуінен пандемия кезінде бәрін үнемдеуге мәжбүр. Ресми дерекке қарағанда елде былтыр жылдық инфляция дүниежүзілік орта деңгейден төмен болып, 10,8 процентті құраған. Өткен жылы жергілікті билік сауда желілерімен келісіп қант, өсімдік майы сынды азық-түлік бағасын бір қалыпта ұстауға тырысқан. Бірақ шара нәтиже бермей, биыл монополияға қарсы қызметтің тексерісінен кейін үш ірі ритейлер азық-түлікке бағаны 10 процентке дейін шектеуге уәде еткен. Мамандар бұдан гөрі азаматтардың тағамдарды сатып алуын субсидиялау қажет деп отыр.

Максим Чирков, экономист:

- Азық-түлік бағасын бір қалыпта ұстауға күш салғаннан көрі азаматтарға мақсатты көмек беру әлдеқайда тиімді. Себебі ғаламдық инфляция жағдайында ол дүкен сөрелерінде азық-түліктің жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. 2020 жылдың алғашқы жартысында кей азық-түлікке бағаның шарықтауы неге әкелгенін білеміз. Мысалы, Мәскеудегі бір дүкен желісінде қарақұмық жоқ болып кеткенмен қоймаларында қап-қап болып тұрғанын анықталған еді. 

Ресейде азық-түлік карточкасын енгізу сегіз жылдан бері талқыланып келеді. Бес жыл бұрын билік тіпті аймақтарды пилоттық жоба қолға алғанымен кейін оны тез тоқтатып тастады. 

Петр Шелищ, Ресей тұтыншулар одағының басшысы:

- 2017 жылы Қаржы министрлігі ақша жоқ деген болатын. Мүмкін ол кезде жағдай өзгеше болған шығар. Қазір олай емес. Әрине алдымен ең мұқтаж адамдарға көмек беруден бастау керек.

Тұтынушылар Одағы ең мұқтаж ресейліктерге көмектесуге шақырып отыр. Олардың есебінше бұл 14 миллион адам. Бұған жылына 200 миллиард рубль қажет. Ай сайын көмекақы 1200 рубль болады деп болжанып отыр. Бұл шамамен 7 мың теңге. 

- Барлығы қымбат. Сондықтан арзан заттарды алуға тырысамын.

- 1200 рубльге не келеді? Бұл түкте емес. Оған тек 2 келі ет алуға болады.

- Бұл өте аз. Менің өзім ай сайын тамағыма 17 мың рубль кетеді. 1200 рубльге не сатып алуға болады? 500-600 рубльден екі келі ет қана ала аласың. Болды. 

Мамандар бағалардың шарықтауының басты себептері пандемиядан логистика тізбегінің бүлінуі мен азық-түліктік контрсанкциялар және былтырғы егістіктік шығымының төмен болуы деп отыр. Биыл да осындай жағдай сақталуы мүмкін. Мысалы, ресейлік кондитерлер ақпаанна бастап баағны 20 процентке өсіретінін ескертуде. 

Дана Нуржан, Шахзод Гамиров