Канаданың Торонто қаласында локдаунға қарсы шерулер өтіп жатыр

Канаданың Торонто қаласында жүздеген адам ұрандатып көшеге шықты. Жұрт коронавирусқа байланысты шектеулерге наразы.

Шерушілердің айтуынша, локдаун мен басқа да шаралардың қауіпті инфекциямен күресте ешқандай тиімділігі жоқ. Керісінше, қатаң шектеулерден тек бизнес зардап шегеді. Бірақ жергілікті дәрігерлер мұнымен келіспейді. Өйткені ауруханалар әлі күнге дейін науқастарға лық толы. Тіпті маман тапшы. Ал Канадада күн сайын 10 мыңға жуық адамнан вирус анықталып жатыр. Бұл коронавирустың алдыңғы толқындарына қарағанда әлдеқайда көп. 

ТЕРЕЗА ТЭМ, КАНАДАНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

– Қолда бар мәлімет бойынша, вирус жұқтыру дерегі ең жоғарғы деңгейге жетті. Күн сайын ауруханаларға оның ішінде жансақтау бөлімдеріне түсіп жатқан азаматтар саны өте көп. Бұл – елдің денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай әсер етіп жатыр.