Ресей армиясы Ростов облысында әскери оқу-жаттығу өткізді

Ресей армиясы Ростов облысында әскери оқу-жаттығу өткізді

Бұған өңірдегі 150-мотоатқыштар дивизиясының 6 мыңнан астам сарбазы тартылып, танк және зеңбіректер қолданылды.

Бұл аймақ Ресейдің Украинамен шектесетін Оңтүстік әскери округіне кіреді.

Мәскеудің мәлімдеуінше, оқу-жаттығу жасақтардың әдеттегі әскери әзірлігін тексеру. Алайда Вашингтон Ресей Украинаның солтүстік, шығыс және батысына әскерлерін тақап, қоршауға алды деп айыптады.

Мәскеу тарапы «Украинаға шабуыл жасау туралы ешқандай ойымыз жоқ» деп отыр.    

Алексей Зайцев, Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Біз бұған дейін де ешкімге шабуыл жасауға ниетті емес екенімізді талай мәрте айттық. Тіпті соғыс туралы ойдың өзі орынсыз деп санаймыз. Бірақ егер НАТО Шығыс Еуропадан өзінің әскерін шығарса шиеленістің басылуына ықпал ететіні анық. Біздің НАТО-ға қауіпсіздік кепілдігі бойынша ұсынған мәселелердің бірі осы. 

Дания Литваға әскери ұшақтар жіберді 

НАТО да қарап жатқан жоқ. Солтүстік альянсқа мүше Дания Литваға F-16 ұшақтарын аттандырды. Бұл Одақтың Балтық әуе кеңістігін бақылау бойынша миссиясын күшейтеді. Себебі Ресей кеше Украинамен шекаралас Беларусь еліне Су-35 ұшақтарын жіберген. Қос мемлекет ақпан айында бірлескен әскери-оқу жаттығу өткізбек.